Госорганы

Голливуд фильмдерінің қазақша дубляжына бөлінген 443 млн игерілмей бюджетке қайтарылды

Шетелдік фильмдер мен анимацияларды аударуға Қазақстан бюджетінен 2023 және 2024 жылы 443 млн теңгеден бөлінген. Алайда бірде-бір фильм бюджет есебінен аударылмай, қаражат бюджетке кері қайтарылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘСЕЛЕ ҚАЙДА КӨТЕРІЛДІ

Аталған мәселені Сенатта бүгін депутат Айгүл Қаппарова көтерді. Оның айтуынша, шетелдік 15 блокбастерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдауға шамамен жылына 443 млн теңге бөлінеді. Алдағы 2025-2027 жылдары да дубляжға осы мөлшерде қаражат бөлу көзделіп отыр. Алайда 2023-2024 жылдары аталған қаражат игерілмей, толық бюджетке қайтарылған. Яғни, мемлекет есебінен бірде-бір шетелдік фильм қазақ тіліне дубляждалмаған. Яғни, көрерменнің әлем деңгейінде киноматографты ана тілінде көру құқығы ескерілмей отыр. “Бюджетке қаражаттың қайтарылу себебі неде?” деп мәселе көтерді ол.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕП АҚТАЛАДЫ 

Бұл сұраққа мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Қанат Ысқақов жауап берді. Ол қаражаттың игерілмей жатқанын растайды. Оның айтуынша, расында да, былтыр министрлік Голливудтың 15 блокбастері мен анимациялық фильмдеріне қаражат бөлген. Алайда тиісті аудару жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан, бұл қаражат бюджетке қайтарылған.

– Басты себеп – ең алдымен, Голливуд немесе анимациялық фильмдерді қазақ тілінде аудару үшін бірнеше қатаң шарттар бар. Әрине, ол біздің салт-дәстүрімізге, иә болмаса заңнамамызға өте дұрыс шарт. Бірақ бізде екі үлкен қиын шарт бар. Ірі дестрбьюторлық компаниялар бұл шартты іске асыруға мүмкіндігі жоқ. Бірінші шарт – әрбір туынды қазақ тілінде аудару алдында онлайн сауалнама өтуі керек. Ол бірнеше айға созылады. Екінші шарт – тек үлкен рейтиң ала алатын немесе Голливуд туындылары ғана аударылатыын кино немесе анимациялық туынды болуы керек деген екі шарт бар. Осы екі шартты орындау үшін 3-4 ай өтеді. Әрине, ол кезде туындының тұсаукесері де өтіп кетеді. Ешқандай қызығушылық танытпайды. Сондықтан, министрлік мәжіліске тиісті заң жобасын енгізіп, екі норма бойынша оңтайландыру немесе жеңілдету жұмыстарын жүргізуде, – дейді ол.

Дегенмен, бұл нарық дейді ол.. Толық қазақ тіліне аудару жұмысын қазір дистрибьюторлік компаниялар өз қаражатына жүргізіп жатыр. Өйткені қазақ тіліне сұраныс көбейген соң, өз қаражатына бұл фильмдерді аударуды қолға алған.

– Бұл мәселені біз бақылауға аламыз. Тиісті заңнамалық өзгерістер енгізіп, бөлінген қаражатты тиянақты, орынды, нәтижелі жұмсауды мақсат етеміз, – дейді ол.

Қанат Ысқақовтың жауабынан кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев “жыл сайын ол қаражатты игермесеңіздер, неге сұрайсыздар” деп ескерту жасады. Әшімбаев келесі жылдан бастап министрлікке қаражатты игеріп, жұмыс нәтижесін халыққа көрсету керектігін тапсырды.

МӘСЕЛЕ НЕДЕ

Голливуд фильмдерін қазақ тіліне аударуға бірде-бір компания өтінім бермегенін бұған дейін Ulysmedia.kz жазған еді. Ұлттық кино орталығы қаңтарда шетелдік фильмдерді дубляждауға конкурс жариялаған. Заңға сәйкес Ұлттық киноны қолдау орталығы Қазақстан аумағына әкелінетін балаларға арналған анимациялық фильмдер мен отбасылық фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжын қаржыландыруда бірыңғай оператор. Дубляжға арналған фильмдер министрдің бұйрығына сәйкес іріктеледі. Алайда ешбір компания оған қатысуға өтінім бермеген. 

Другие новости

Back to top button