«Атуға рұқсат ала алмаймыз»: БҚО-да қасқыр саны үш есеге көбейіп, малшылар қып-қызыл шығынға батты
Батыстағы бөрінің саны биыл екі мыңға бірақ жеткен
Батыс Қазақстан облысының шаруалары қасқырдың көптігінен қыруар шығынға ұшырап келеді. Түз тағысы қорадағы қойды да, жайылымдағы жылқыны да үйірімен қырып кететін болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Ал қаптаған қасқырды молынан аулаға аумақтық инспекция рұқсат бермей отыр.
Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтары көп. Үстірттен бастап Нарынның құмына дейінгі аралықта қожалықтар мыңғырған мал өсіреді. Табынды сиыр мен үйір-үйір жылқы баққан қожалықтардың саны он мыңнан асады. Бөрілер төрт түлікті түнде ғана емес, күндіз де жарып кете беретін болған.
Қасқырдан көп шығын көрген шаруаның бірі — Исатай Сәрсенғалиев. Мыңға жуық етті сиыр, екі мыңдай жылқысы бар Сәрсенғалиевтың қысы-жазы бітпейтін проблемасы — қасқыр қуу.
«Қасқыр өте көп. Жұмысшылармен жабылып жүріп малды қарасақ та қасқыр қоймай жатыр. Күн сайын малға шабады. Аулатпайды да, аттырмайды. Қанша жерден күзетсек те құлындарды қоймайды, жеп кете береді. Қыста мал Нарынның құмына барады, бірақ жылқыдан жылқы қоймай жей берген соң, қалған 400 басты ауылдың маңына әкеліп алдық. Қасқыр қуу үшін қыста «снегоход», жазда параплан, әртүрлі маркалы мылтықтар сатып алдық. Түнде алыстағы аңды дәл көретін мылтықты да алдырттық. Сонда да қасқырдың малға шабуын тоқтата алмай келеміз», — деді шаруа қожалығының төрағасы Исатай Сейсенғалиев.
Сейсенғалиев та, оның өзі сияқты әріптестері де қасқырға жегізген малдың санынан жаңылған. Айтуынша, айғыр үйір жылқыдан бір құлынды аман алып қала алмаған адамдар да бар. Өрістегі тай мен жабағыны қойып, түз тағысы қораның қасындағы малды да жайратып, жарып кететін болған. Шаруалар күз келгелі де қасқырдың шабуылы күшейе түскенін айтады. Өйткені, бөрі бауырын көтерген бөлтірігіне аң қуғанды үйрететін кез.
«Ит-құстан қатты шығын көрдік. Мал төлдеген уақытта қасқырда қатты шапты. Төлдің 30-35% қасқыр жеп кетті. Оны тоқтауға ары күрестік, бері күрестік, шамамыз жетпеді. Менің шаруашылығым құмның ішінде орналасқан. Ит-құс биыл малға тыным бермеді. Қасқыр ататын адамдарды да іздедім, аңшылар да қорқады. Өйткені анйаламыздың бәрі киік. Киікті қорушы, қорғаушылар көп, инспекторлардан ығады. Қасқыр атуға рұқсат алғым келген. Ақжайық ауданы Алмалы ауылдық округінінің әкімдігіне де бардым, инспекцияға да арыздандым. Ақыры рұқсат ала алмадық. Қасқыр аулауға лицензияны портал арқылы алу керек екен. Ол жақтан да құжат ала алмадық. Ары шаптым, бері шапқыладым, ештеңе бітіре алмадым. Қазір міне, қып қызыл шығынмен отырмыз, бұның арты не боларын білмеймін», — деді «Камал» шаруа қожалығының иесі Ербол Жарылғасов.
Биыл тек Бөкей ордасы ауданы бойынша 54 адам 111 қасқыр атуға рұқсат алған. Бірақ одан түз тағысының саны азаймаған. Ауылдық округтердегі аңшылар ала жаздай аң қуғанда небәрі 20 қасқырды ғана атып алған. Түз тағысы азыққа зәру емес. Кең дала киікке толы болса да тек малға шабатын көрінеді.
«Қасқырды атуға берілетін рұқсаттың саны шектеулі. Тапсырысты портал арқылы беру керек. Бірақ қожалықтарда интернет жоқ, ауылдың өзінде өте баяу істейді. Порталға тапсырыс беріп жүргенде уақыты бітіп кетеді де, рұқсатты хобби үшін ататын қалалықтар, сырттағы адамдар алып кетеді. Ал олар малға шабатын ауылдың айналасындағы қасқырларды аңдымайды. Ермек үшін анда-санда аңға шығып тұрады. Көрші қожалықта жуырда ғана отыз бас малын қасқыр жеп кетті. Құмның арасынан, бұтаның ішінен бөрі мүлдем алдырмайды. Түнде отарды күзетіп, малға келгендерін аңдимыз», — деді Жәнібек ауданының тұрғыны.
Облыстағы аң-құсқа қарайтын аумақтық инспекцияның ақпаратынша қасқырдың саны соңғы жылы бірден үш есеге көбейген. Түз тағысын түгендеген инспекторлар былтыр БҚО-да 640 бас қасқыр бар деп есептесе, биологиялық негіз бойынша олардың 64-ін атуға рұқсат берген. Батыстағы бөрінің саны биыл екі мыңға бірақ жеткен. Биологиялық негізге сәйкес тек 196 бас қасқырды атуға рұқсат беріліпті. Облыс көлемінде ауланған қасқырдың саны да, оған жеп болған малды да билік түгендемеген.