Алаяқтықтың алдын алу: жаңа жылдан бастап онлайн кредит алу қиындай түседі
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы ұйымдарынан онлайн несие алу кезінде азаматтар биометриялық сәйкестендіруден өтіп қана қоймай, электрондық цифрлық қолтаңбаны да қолданады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алаяқтыққа қарсы күрестің жаңа шаралары туралы Ұлттық банк төрағасы депутаттық сауалға берген жауабында айтты.
«Онлайн микроқарызды ресімдеу кезінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап биометриялық сәйкестендіруді және электрондық цифрлық қолтаңбаны міндетті түрде қатар қолдану талабы енгізіледі. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары ақшаны аударғанға дейін банк шотының немесе төлем картасының клиентке тиесілі екенін тексеруге міндеттеледі», — делінген жауапта.
Бұған қоса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерге онлайн несие ресімдеген кезде өтінімді дәл сол мезетте емес, ертесіне мақұлдауға кеңес береді. Осылайша клиент алаяқтар рәсімдеген кредиттен бас тарта алады.
Сондай-ақ, Ұлттық банк алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығын құрған. Антифрод-орталық қатысушыларға алаяқтық операцияларды анықтауға және бұғаттауға, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қоюға, нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.
Антифрод-орталыққа барлық банк, бірқатар ірі төлем және микроқаржы ұйымдары, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің 21 аумақтық бөлімшесі мен орталық аппаратының өкілдері қосылған. Қазір ұялы байланыс операторлары қосылу сатысында.