Whatsapp-тағы сөзден басталған төбелесте ағасы өліп, інісі сотталды — Астанадағы қылмыстың күдікті тұсы көп
Заңгер Ләззат Ахатова Астанада болған бір қылмыстық істің сұмдық жайттарын жария етті: ешкімде шаруасы жоқ үйінде отырған ағайынды екі жігіттен достары көмек сұраған. Whatsapp чатта танысымен сөзге келіп қалған соң олар жекпе-жекке шақырыпты. Жалғыз бармайын деп, үйінде отырған ағайынды Мамильяновтарды ертіп алған. Сол төбелесте Шағзат Мамильянов өлген, інісі Дудар Мамильяновты сот 12 жылға соттаған. Балаларының ауыр сынағына шыдамаған әкелері жүрек талмасынан мерт болған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ләззат Ахатованың айтуынша, оқиға Астананың ортасында, камера көп жерде болған. Айтқанымыздай, дау whatsapp чаттағы әңгімеден басталған көрінеді. Ағайынды Шағзат пен Дудар Мамильяновтарға Сайранбеков деген жолдасы хабарласып, чаттағы артық сөзіне кешірім сұраса да, ана жақтағы Серік Трайспаев деген адамның ашуы басылмай, жекпе-жекке шақырып жатқанын айтып, көмек сұрайды.
«Екі досты татуластырайық деген ниетпен үйлерінен шыққан ағайындылардың бірі ол кезде өмірінің соңғы сәті екенін, ал екіншісі ағасының ажал құшуға бара жатқанын білген жоқ. Достасамыз деп барған «достары» қару кезеп, күтіп алады. Ана жақта ағайынды Николай және Артем Заиц деген екі жігіт келген. Николай Заицтың әйелі Сомова В.В. есімді әйел Ішкі істер министрлігінің қызметкері екен. Әйелінің, яғни ІІМ қызметкерінің атына тіркелген көлікке пышақ, күрек, тағы басқа қару-жараққа жататын саймандарды салып алып, бұлардың келуін тосып отырған, алдын ала сөз байласқан топ қанды қырғынды бастайды», — дейді ол.
Заңгердің айтуынша, төбелес бастан-аяқ сол маңдағы камераға түсіп қалған, видеода кімнің кімді тепкілеп жатқаны, кімнің кімге пышақ салғаны анық көрінген.
«Алайда, біздің тергеу органдары мен сотқа айдан анық нәрсенің өзі дәлел емес екен. Керісіп қалған достарды татуластырайық деп барған ағайынды екі қазақ жігіттің бірі өліп, бірі 29 тамыз күнгі Астана қалалық қылмыстық сотының үкімімен негізсіз 12 жыл арқалап, кетіп отыр. Өлген ағасын да сырттай кінәлі етіп тапқан. Ал үкімді шығарған судья С.Ташимбаев кім? Елордаға Ақтөбе сотынан ауысып келген атышулы судьяның заңсыз әрекеттері бұдан басқа істер бойынша да БАҚ беттерінде жарияланған екен. Астана қаласының мамандандырылған қылмыстық сотының судьясы Саят Тәшімбаевтың заңсыз үкімінің салдарынан бір шаңырақ, екі бірдей азамат ұлынан айырылып отыр. Біріншісінен тірідей, екіншісі қаныпезерлердің қолынан қаза тапқан. Екеуінің де артында шулап, отбасы мен балалары қалды. Әрқайсысында 4 баладан бар. 8 бірдей бала бір сәтте әкесіз қалды. Ол күйікке шыдамай, сап-сау жүрген екі жігіттің 71 жастағы әкесі бір айға жетпей, жүрек аурудан қайтыс болады. Бұл Мамильяновтар отбасында болып жатқан қайғылы жағдай», — дейді заңгер
Ахатованың айтуынша, жігіттерді тосып алған Николай Заицтің әйелі Сомова әлі ішкі істер министрлігінің қызметкері.
«Ол лауазымын пайдаланып, іс материалдарындағы айдан анық нәрселерді бұрмалауға жол берген. Бастапқыда бар кінәні Грекин деген жігіт мойнына алып, бұл қылмысты ұйымдасқан қылмыстық топ болып жасағанмен, сот жалғыз адамды соттайды. Аса ауыр қылмыс жасаған топты тергеу де, сот та «ОПГ» деп таппайды. Мамильянов Шағзатты өлтіргені үшін Грекин сотталады. Ал Шағзаттың інісі Дударды төбелесті ұйымдастырған деп, соттап жібереді. Бір жағдайдан екі іс қозғалған ғой. Бірінде ана жақ — жәбірленушілер, екінші істе мына жақты — жәбірленуші деп тапқан. Істі зерттеген сайын «батпаққа» бата бересің», — дейді ол.
Сайт редакциясы Сомова В. есімді тұлғаның ішкі істер министрлігінде қызмет етуіне қатысты ақпарат алу үшін министрлікке сұрау жолдады.