Соңғы 5 жылда елімізде ажырасу көрсеткіші 48 пайызға азайған – вице-министр
2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша елімізде 5 578 947 отбасы бар. 10 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, отбасы саны 1,5 миллионға артқан. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2009 жылғы санақ деректеріне сәйкес республикадағы отбасылар саны 4 022 388 құрады. Осылайша, бұл көрсеткіш 10 жыл ішінде 1,5 млн-нан астам өсті», — деді ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, ажырасу санының төмендеуі байқалады: соңғы 5 жылда 48,6%-ға азайған.
Сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандықтардың 95,4% отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттанады. Қазақстандық отбасылардың басты құндылықтары: бір-біріне қамқорлық жасау, өзара сыйластық, қолдау көрсету, махаббат және балалар.
Сонымен қатар, әкелердің бала тәрбиесіне қатысуы артқан. Балаларды тәрбиелеу кезінде отбасылар көбінесе еңбекқорлық, адалдық, үлкендерді құрметтеу, өзін-өзі құрметтеу, басқаларды құрметтеу сияқты қасиеттерге назар аударады.