Қазақстанда алғаш рет 40 елдің Орталық депозитарийлері бас қосады
Алматы пост—трейдинг саласы бойынша Азиядағы ең ірі қаржы форумының алаңына айналмақ
9-12 қыркүйек аралығында, Алматыда, Азия-Тынық мұхиты орталық депозитарийлері қауымдастығының (ACG) 26-шы жылдық жалпы отырысы өтеді. Аталған шараны Қазақстандағы Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі (KCSD) ұйымдастыруда.
Іс-шараға АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Иран, Пәкістан, Моңғолия, Индонезия, Вьетнам, Непал, Шри-Ланка секілді әлемнің түрлі елдеріндегі
40-тан астам депозитарлық, биржалық және клирингтік ұйымдардың 150-ге жуық басшылары мен өкілдері қатысады.
KCSD басшысы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, мұндай ауқымды шараның көмегімен, Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірін инвестиция бойынша перспективті бағыт ретінде көрсету. Бұған қоса, Қазақстанды аймақтағы инвестициялық және депозитарлық хаб ретінде танытуға жол ашады,- дейді ол.
Іс-шара Қазақстан мен Орталық Азиядағы қор нарықтарының халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануына, сондай-ақ, Қауымдастық мүшелері арасындағы экономикалық және қаржылық байланысты нығайтуға барынша ықпал етеді. Дүниежүзі бойынша азиялық бағалы қағаздар нарығына деген қызығушылықтың артқан сәтінде, бұл әсіресе өзекті.
ACG қауымдастығының 26-шы жылдық жалпы отырысындағы панельдік пікірталастар барысында бағалы қағаздар нарығындағы қызмет сапасын арттыру, цифрлық трансформация, экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздар нарығының өзара қарым-қатынасын жақсарту мәселелері талқыланады.
Аталған шара түрлі ел өкілдерінің тәжірибе алмасуына және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуына мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналмақ. Қатысушыларға осы саладағы соңғы тенденциялар жайында толықтай мәліметтер ұсынылады.
Анықтама:
ACG – 1997 жылы құрылған Азия-Тынық мұхиты аймағындағы орталық депозитарийлер бірлестігі. Оның негізгі мақсаты – клиринг пен есеп айырысу саласының тиімділігін арттыру үшін секторлар арасында ынтымақтастық орнату. KCSD 17 жыл бойы (2007 жылдан бастап) Азия-Тынық мұхиты орталық депозитарийлері қауымдастығының мүшесі қатарында.
Орталық депозитарий (KCSD) пост-трейдинг қызметтер саласындағы қазақстандық қаржы нарығының негізгі инфрақұрылымдық ұйымы болып табылады және 25 жылдан астам қызмет көрсетіп келеді. KCSD бағалы қағаздарға қатысты меншік құқығын есепке алатын бірыңғай орталық, барлық биржалық және биржадан тыс мәмілелер бойынша есеп айырысуларды жүзеге асырады, сондай-ақ, жергілікті қатысушыларға бағалы қағаздармен есеп айырысудың халықаралық жүйелері бойынша жұмыс істеу мүмкіндігін береді.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге сай, KCSD номиналды ұстауындағы қаржы құралдарының жалпы көлемі 126,61 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 13,9%-ға өсті. Депозитарлық қызметтегі бағалы қағаздар шығарылымының мөлшері де ұлғайып, 2024 жылдың басында жалпы саны 2386-ға жетті.
Бүгінгі таңда, KCSD-де 3 миллионнан астам брокерлік шот тіркелген.