Ақтөбенің автосалоны жүрмейтін көлікті 11,7 млн теңгеге сатып жіберген
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті шілде айында атқарған жұмысын қорытындылап, өңір-өңірде болып жатқан «қызықты кейстерді» ұсынған. Қарағанды облысында жолаушылардың рейсі 29 сағатқа кешіксе, басқа бірнеше облыста автосалондар «алаяқтық» жасаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мәселен, дереккөзге сүйенсек, Алматыдағы автосалонның бірі сатқан көлігінің ақауын жөндеп бермей, тұтынушының құқығын бұзған. Тұтынушылардың құқығын қорғайтын аймақтық департаменттің жоспардан тыс тексеруінен кейін көлік сатып алған адамға 8 млн теңгесі қайтарылған.
«Ал, Ақтөбе облысында тұтынушы жүрмейтін көлік сатып алған, бірақ, автосалон ешқандай әрекет жасамады. Департаменттің консультациясы мен құқықтық көмегінің арқасында тұтынушы 11 млн 790,0 мың теңгесін қайтарып алды», — деп жазады комитет.
Түркістан облысының тұрғыны да су жаңа көліктен біраз ақау тапқан екен. Оны өз күшімен жөндеп көруге тырысса да, әрекетінен түк шықпаған.
«Департаменттің құқықтық көмегінің арқасында ол адам 10 млн 190,0 мың теңгесін қайтарып алған», — деп жазады дереккөз.