«Кемпір-шал болғанда бізді асырайды»: марқұм Ғалым Арыстанбаевтың 11 баласымен ойнап жүрген видеосы тарады
Осы сұхбатында Ғалым Арыстанбаев бір емес, қатарынан 8 баланы асырап алуға не себеп болғанын айтып берген.
«Мен 11 баланың әкесімен. 3 бала өзімдікі, 8 баланы асырап алдым. Балаларым әр ұлттан. «Балалар үйінен бала асырап алайықшы» деген менің жұбайым. Негізі үш ұлым бар болған. Жұбайым «бір кішкентай қыз асырап алайықшы» деді. Мен «өзің туып алмайсың ба?» дедім күліп. «Асырап алғым келеді, сосын, Құдай нәсіп етсе, қызым да туар» деді. Балалар үйіне барып, бастапқыда балаларға ойыншық, тәтті апарып жүрдік. Қысқасы, бауырға басатын кішкентай қыз іздеп жүр, үлкендеу қыз тауып алдық. Сөйтсек, оның сіңілісі, інісі бар екен. Ар жағында дос қызы бар болып шықты. Сосын, балалардың бәрін үйіге ертіп келіп, үйді көрсетіп, қыдыртып, демалыс біткен соң жетімдер үйіне қайта апарып тастап жүрдік», — деген сол кезде Арыстанбаев.
Ал, әйелі Әлия Көбегенованың айтуынша, балалар үйіндегі бүлдіршіндердің ойыншық пен сыйлық емес, ата-ана жылуына зәру екені бірден байқалады.
«Бір бала асырап алғымыз келді. Бірақ, қарасақ, олар ағайынды төрт бала екен. Ата-анамызбен ақылдаса келе алдымен соларды, кейін тағы үш бала асырап алдық», — дейді марқұмның жұбайы.
Ғалым Арыстанбаев асырап алған балалары әзербайжан, қытай, өзбек, цыган, татар, ұйғыр қазақ ұлтының балалары екенін айтып берген.
«Біз қартайып, кемпір-шал болғанда, осы балаларды қалай асырап алсақ, олар да бізді солай асырап, ертіп жүреді деген ойымыз бар. Балаларымыз бізге сондай қамқорлық танытатын сияқты көрінеді өзіме. Менің арманым – балаларым Қазақстанның «мен» деген азаматтары болса екен…», — деп аяқтаған сол кездегі сұхбатын ол.
«Хабар» арнасының бұл жобасында Ғалым Арыстанбаевтың балаларымен қар атысып, ойнап жүрген бақытты сәттері бейнеленген. Өкініштісі сол – енді әкелерінің бұл бейнесі балаларының көз алдында осы таспа сияқты естелік қана болып қалады.