«Халық» қайырымдылық қоры «АуылСпорт» кешенді бағдарламасын әзірледі
Қайырлы кеш, достар!
Бүгін Сіздерге тамаша жаңалық жеткізгім келіп отыр.
Әлеуметтік желі арқылы көз алдарыңызда #Ауылфутбол жобасының құрылу, қалыптасу, даму кезеңін көріп келесіздер. Секеңнің – Серік Мәмбетовтің бастамасымен құрылған өте керемет жобаның болашағына сеніп, оның аяққа тұруы үшін «Халық» қайырымдылық қоры демеу көрсетті.
Бүгінде жоба көңіл қуантарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Республикалық масштабта танымал.
Бұл тәжірибе бізге спорттың өзге де салаларына қатысты ойланып, талдау жасауға мүмкіндік берді.
Елдегі спорт саласындағы жетістіктерді, көрсеткіштерді олимпиада ойындарымен байланыстыратынымыз жасырын емес. Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде олимпиада ойындарына қатысқалы бері спортшылар 14 алтын, 21 күміс, 31 қола алған екен. Дүбірлі дода биыл өтеді. Спортшылардың бағы жанып, көрсеткішіміз еселеп өседі деп үмітенемін.
Айтпағым, осы олимпиада жүлдегерлерінің басым көпшілігі, немесе 55 пайызы ауылдан шыққан спортшылар екен. Ауылдық елді мекендерде спорттық инфрақұрылымдардың жетіспеуіне қарамастан жыл сайын бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика секілді спорт түрлерінен танылып жатқан таланттар ауыл жастары.
Дегенмен, салаға талдау жасау кезіндегі мына көрсеткіш алаңдатып қойды. Жыл сайын мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамыту мақсатында бөлінетін қаражаттың басым бөлігі жалақы мен спорттық ғимараттарды жалға алуға жұмсалады екен. Мысалы, 2022 жылы балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне бөлінген 100 млрд теңгенің тек 3,8% оқу-жаттығуға және 8% ғана түрлі жарыстарға қатысуға бөлінген. Көптеген спорт түрлерінен балалар арасында спорттық жарыстардың аудан, облыс орталықтарында өтетінін ескерсек, ауыл балалары осындай сайыстардан шет қалу мүмкіндігі жоғары.
Бұл ойланатын жағдай. Себебі спортшының қанша жерден бабын жасап жаттықтырсаң да сыналатын, тәжірибе жинайтын тұсы түрлі деңгейдегі жарыстар.
Халық Қоры жыл басынан еліміздегі ауылдық елді мекендердегі спорт инфрақұрылымына, жалпы саланың жағдайына талдау жасап көрді. Проблема бар. Балалар арасындағы турнирлер аз өтеді. Елді мекендердегі спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы жеткіліксіз, сапалы спорттық жабдықтар бола бермейді. Жаттықтырушылардың кәсіби деңгейі жетілдіруді қажет етеді, біліктілігін арттыруға көңіл бөлу керек. Оның ішінде жеке әдістемелер жоқтың қасы. Спортшылардың түрлі жарыстарға қатысуына бөлінетін қаражат жеткіліксіз.
Республика көлемінде 657 ауыл мектебінде әлі де спорт залдары жоқ. 587 жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру сабақтары бейімделген жайларда өткізіледі. Сонымен қатар, спорттық жабдықтардың тозуы 60%-дан асады.
Осы аталған мәселелерді зерделей отырып, «Халық» қайырымдылық қоры ауыл балалары арасында бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жердегі спорт мектептерінің деңгейін көтеру, сол мектептердегі жаттықтырушылардың кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында «АуылСпорт» кешенді бағдарламасын әзірледі.
Әңгіменің басындағы жақты жаңалығым бар дегенде айтқым келгені осы. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы спортқа жанашыр азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты.
Ең бастысы бағдарлама әзірленді, қаржысы нақтыланды. Орындауға қатысты жалпы түсінік бар.
Қалай ойлайсыздар, бұл бағдарламаға қай спорт түрлерін енгіздік? Жалпы Өздеріңіз қай спорт түрлерінің енгенін қалар едіңіздер? Сіз бен біздің көзқарасымыз тоғыса ма екен, бір байқап көрелік).
Ал жоба қалай, қайда, қандай өңірлердің қатысуымен жүзеге асатынын алдағы постта жазамын.
Көз алдарыңызда тағы бір жаңа жоба басталып келеді. Нәтижесі қалай боларын бірге көрелік.
Алла жар болсын!
«Халық» қайырымдылық қорының Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың желідегі жазбасы