«Бірнеше рет айтылған ескертуді елемеді»: Жетісу облысында зиратты су басып кеткен
Жетісу облысы Сарқанд ауданында зираттағы қабірлерді су басып кеткен. Бұл туралы әлеуметтік желіде видео жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сарқандта қабірлерін суармалы су басқан адамдардың туыстары көмек сұрап жатыр. Виталий Жунтов жақында өгей әкесі Олег Бановты жерледі. Ол зиратты су басқанын көріп, таң қалған. Зиратқа келгенде өгей әкесінің қабірі су астында қалғанын көрген», — деп жазды журналист Сандуғаш Дүйсенова.
Виталий Жунтов қабірдегі су сіңіп кеткенін айтқан.
«Су қазір сіңіп кетті, бірақ ол қайда кетті? Жер астында, дәлірек айтсақ, қабірге сіңді», — дейді ол.
Зират орналасқан жер учаскесі жергілікті фермерге тиесілі.
Осы мәселеге қатысты зираттағы қабірлерді қандай су шайғанын білу үшін Azattyq Rýhy Жетісу облысы Сарқанд ауданынының әкімдігіне хабарласты.
«Әлеуметтік парақшаларда жарияланған бейнежазбада баяндалған мәселе бойынша қазіргі уақытта бірқатар іс-шара қабылданды. Атап айтқанда, осы учаскеде су беру толығымен жабылып және суды ағызу үшін арнайы санитарлық канал қазылғанға дейін су тоқтатылды. Сарқанд қаласының әкімдігі Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес аталған жер учаскесінің иесі Ұлбосын Жармұқаметке қатысты шаралар қабылдау үшін аудандық полиция бөліміне хат жолдады. Аталған азаматқа санитарлық аймақты су төгетін канал құрылғылары түрінде құру қажеттілігі туралы бірнеше рет ескертілген болатын, ол оны мүлдем елемеді. Осыған байланысты тиісті жұмыстар жүргізіледі», — деп хабарлады әкімдік.