Происшествия

Бұрын да балаларын өлтірмек болған: алматылық әйел оқиғасының мән-жайы айтылды

Құтқарушылар оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Алматыдағы Сайран көліне балаларын батырмақ болған әйел, мұндай әрекетке жоқшылықтан барған болуы мүмкін. Ол бұл туралы балаларын судан құтқарған мамандарға айтып берген, деп хабарлайды  «Астана» телеарнасы.

Түскі уақыттар шамасында Сайран көліне 3 баласын ертіп, бірден киіммен суға кірген әйелді құтқарушылар байқаған. Олар келіншектің бастапқыда 3 және 4 жасар қыздарын тұншықтырып, кейін өзі де қолындағы сәбиімен суға батқысы келгенін айтқан.

«Кәдімгі киіммен келіп, суға кіріп кетті. Мойнына дейін келетін жерге суға кіріп сосын екі баласын мойнынан ұстап суға батырды. Соны көріп жүгірдім. Мен жеткенше 2 бала суға тұншығып жатты. Екеуін шығарып жатқанымда, әріптестерім жүгіріп келді, соларға бердім. Сосын әйел мен кішкентай 1,5 жасар қызын шығарып алдық. Одан бұл әрекетіңізге не себеп болды деп сұрап едік, «Сіздер мені түсінбейсіздер» деді. Сөйтсек, отбалысық жағдай екен. «Каспиімде ақша жоқ. Телефонымда да бірлік жоқ, таксиге де ақшам жоқ» деп жылады», — дейді Алматы қалалық құтқару қызметінің құтқарушысы Ершат Далабаев.

Құтқарушылар 3 баланы күзет бөлмесіне апарып, жылыту пешін қосып, су киімдерін шешіп, жылы көрпеге орап отырғызып қойған. Әйел адам есін жия алмай, тек ақшасы жоғын айта берген.

26 жастағы келіншек отбасымен Алатау ауданындағы 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Жолдасы түрмеде қызмет етеді. Өзі 3 баламен үйде отыр. Төртінші баласына жүкті көрінеді.

«Көршілері келіншек туралы жақсы пікірде емес. Балаларына тамақ бермейді. Өмірі аш жүреді екен. Бұрын да оларды өлтірмек болған екен. Суға батырамын деп күйеуіне хабарласқан. Жолдасы көршілерге айтып, оны дер кезінде тоқтатқан», — дейді Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Ақмарал Басирова.

Осы оқиғадан кейін балалардың анасын психоневрологиялық орталыққа жатқызыпты. Дегенмен қоғамдық денсаулық басқармасы әйелді үйіне шығарғанын айтты. Енді тасбауыр әйелдің әрекетін полиция тексермек.

Аталған дерек қазір Әуезов аудандық полиция басқармасында тергеліп жатыр. Тиісті тергеу амалдары және процессуалдық әрекеттер жүргізіледі. Ал бөбектер дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір үшеуінің жағдайы жақсарған. Ауруханадан шығарылып, әжесінің қарауына берілген.

 

Другие новости

Back to top button