Түркістан облысында оқушылар ұлттық киім киіп келгені үшін мұғалімдер жанжал шығарып, төбелеспек болған (видео)
Түркістан облысында мектептегі мұғалімдер оқушылардың көзінше жаға жыртыспақ болды. Педагогтар арасындағы жанжал Мақтаарал ауданындағы білім ошағында орын алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде тараған видеода мұғалімдер арасындағы дау-дамайдың ұл-қыздардың сабаққа ұлттық киім киіп келгенінен басталғаны айтылған.
Педагогтер өз араларындағы түсініспеушілікті осылайша шәкірттерінің алдында шешпек болған. Мәселені оқушылар алдында айтқан мұғалімдер соңында бірін бірі желкелеуге көшкен.
Кадрлардан педагогтардың төбелесуден тайынбай тұрғанын байқауға болады. Видеода ұстаздардың бірі оқушылардың ұлттық киіммен отыруына қарсы болды деп өзге әріптесін кінәлайды. Аталған жағдайға қатысты Түркістан облысының білім басқармасы комиссия құрып, тексерісті бастады. Әзірге білім ошағындағы дауға нақты не себеп және оқиғаны қашан болғаны белгісіз.
«Қазіргі таңда жан-жақты зерделеу үшін Түркістан облысының білім басқармасы мен білім сапасын қамтамасыз ету департамент өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Тексеру нәтижелері бойынша ҚР қолданыстағы заңнамасы аясында тиісті шаралар қабылданады. Мектеп оқушысына психологтар көмегі көрсетілді», – деді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында бұрынғы мұғалім синтетикалық есірткінің ірі партиясымен ұсталғаны туралы жазған едік. Әйел Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық мектептердің бірінде 10 жыл мұғалім болып жұмыс істеген, бірақ бірнеше жыл бұрын жұмысын тастап, есірткі қолдана бастаған екен.