Балалардың мойнына ысқырық пен аты жазылған бейджикті таққан: Алматы облысында оқушылар қабырғалары сөгілген мектепте оқиды
Алматы облысында оқушылар қабырғалары сөгілген мектепте білім алып жатыр. Ата-аналар он жыл да болмаған білім ордасы қазір құлағалы тұр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірнеше жыл бұрын қабырғалары жарылған мектепте жер сілкінгеннен кейін сызаттар арасы одан сайын кеңейген. Көпшілік ешқандай шара болмағандықтан, енді нысан опырылып түсе ме деп алаңдаңдайды. Себебі мектептің бірнеше қабырғасында пайда болған жарықтар ғимараттың сыртынан да көрініп тұр.
“Балаларымызды мектепке жіберуге қорқамыз. Жіберсек жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Алдында жер сілкінгеннен кейін ата-аналардың біразы жылап, балаларымызды алып кеттік. Біз қорқамыз, тағы да жер сілкінісі болса балаларымыз үйінді астында қала ма деп алаңдаймыз”, – деді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Индира Әбішева.
2013 жылы пайдалануға берілген мектепте бүгінде 2000-нан астам бала білім алады. Бойын қорқыныш билеген ата-аналар ауылдағы жақын білім ордаларының барлығы толық болғандықтан, ауыстыру үлкен қиындық тудырады дейді. Мектеп басшылығы балалардың мойнына ысқырық пен жеке деректерін жазып іліп қойған. Бұл бойдағы күдікті тіпті күшейтті дейді.
“Балаларымыздың мойнында ысқырық. Баланың деректері жазылған бейджик таққызған. ЖСН, ата-анасының есімі жазылған. Ол не мақсатта сұратылып жатқанын білмейміз. Біз дәл қазіргі жағдайда біз баламызды үйінділердің астынан іздеудің жолын іздеп жатқан секілдіміз”, – Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Мадина Кабриханова.
Ата-аналардың наразылығынан кейін білім ордасына жауапты мамандар келді. Айтуларынша, жер сілкінісінен соң ауданда 21 мектеп бүлінген. Олардың арасында екеуіне қазір сараптама тағайындалыпты.
“Көзбен шолып, визуалды сараптама жасалынды. Ол сараптаманың қорытындысы келді. Енді сараптама қорытындысына сәйкес бұл мектептерді сейсмикалық апатты немесе апатты емес деп тану мақсатында дереу арада сейсмикалық тексеру жүргізуді ұсынды. Бүгін-ертең комиссия келіп зерделеу жүргізеді”, – деп мәлімдеді Іле аудандық білім бөлімінің маманы Гүлдана Сатиева.
“Төтенше жағдай алдын алу кезіндегі ұсынымдар бар. Енді соны балаларға ата-аналардың да ұсынысы ретінде балабақшада жасап жатыр, “сіздер неге үндемей отырсыздар?” дегендіктен, біз балалардың мойындарына сысқырықтарды ілдік”, – деді Іле аудандық №20 мектептің директоры Мейрамгүл Құткелдиева.
Білім ордасының жағдайын көріп алаңдаған ата-аналар балаларын онлайн оқуға ауыстыруды талап етіп отыр. Өйткені қауіпсіздікке көз жеткізбей, мұнда дәріс өткізу қауіпті дейді. Сараптама қорытындысы қандай болары алдағы уақытта белгілі болмақ.