Жетісу облысында әкімдік инвесторларға 3 жыл бойы жер телімдерін бермей қойған — прокуратура
Жетісу облысында прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақ болған кәсіпкерлерге негізсіз кедергі келтірген әкімдіктің өкілдерін жауапқа тартты, деп Azattyq Ruhy.
Жетісу өңірінде 3 жылдан астам екі шаруа қожалығы бордақылау алаңын салу және асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру үшін жер телімдерін ала алмаған.
«Жер заңнамасына қайшы, жергілікті атқарушы орган негізсіз жер телімдерін беруден бас тартқан. Прокурорлық қадағалау актісін енгізгеннен кейін инвесторларға жалпы көлемі 39 гектар жер телімдері беріліп, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — делінген Жетісу облыстық прокуратурасының хабарламасында.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Инвесторлар Ескелді би ауданында 120 миллон теңгенің ірі жобасын жүзеге асырмақ болған. Алайда әкімдік өңірге инвестиция тартудың орнына, олардың жұмысына кедергі келтірген.
«Инвесторлардың дабылдарына жедел ден қою мақсатында Фронт — офис құрылып, Жетісу облыстық прокуратурасының мобильді тобы тәулік бойы жұмыс істейтінін еске саламыз (байланыс телефоны 8-701-131-04-44)»,- деп ескертті қадағалаушы орган өкілдері.