Салтанат Нүкенованың соққыға жығылған сәті түсірілген бейнелер жарияланды
Бейнежазбаның скриншоттарын марқұмның ағасы желіге жүктеген
Салтанат Нүкенованың қайтыс болған күні қалай соққыға жығылғаны түсірілген бейнелер пайда болды. Бау мейрамханасының бейнекамерасынан алынған скриншоттарды қыздың ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бұл бейнелерді Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары басқа амал қалдырмағандықтан жариялағанын атап өтті.
«Бұл скриншоттарды және сот-медициналық сараптама нәтижесін жариялауға жалған мәлімдеме жасап жүрген Бишімбаевтың адвокаттары мәжбүрледі. Бейнеден оның (Қуандық Бишімбаев – ред.) Салтанатты аяғымен, қолымен қалай ұрғаны анық көрінеді. Ал оның адвокаттары мұндай жағдайдың болмағанын мәлім етті», — делінген жазбада.
Скриншоттарда уақыттың 2023 жылдың 9 қарашасы, сағат 07:16 екені көрсетілген. Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының пультіне шақыру 9 қарашада сағат 19:54-те түскенін хабарлады. Оқиға орнында әйелдің өлімі тіркелді.
Естеріңізге сала кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен жұбайы Салтанат Нүкенованың қаза болуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Ол өз әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген болатын.
2023 жылғы 11 қарашада Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Кейінірек бұл іс бойынша тағы бір күдіктінің ұсталғаны белгілі болды. «Гастро-орталықтың» директоры да осы іс бойынша қамауға алынды.