100 доллар инвестициялық табыс немесе Ұлттық қор төлемдеріне сенім шкаласы
2024 жылдың алғашқы күндерінен бастап қазақстандық ата-аналар Президент уәдесінің орындалатын сәтін асыға күтті. Уәде бойынша елдегі әрбір бала Ұлттық қордан төлем алуы тиіс. Сонда есепшотқа қанша ақша аударылады? Бұл ақшаны қандай қажеттіліктерге жұмсауға болады, әлде болмай ма? Сұрақ көп болды.
Көп күттірген төлем мөлшері ақпан айының басында белгілі болды. Әр балаға төленген 100 доллар 52 цент елдің өзін екіге бөліп тастады. Бірі мұны: «мазақ қылып отыр ма» десе, екінші жақ: «бергеніне шүкір, 30 жыл түк бермесе де шыдадық қой» десті. Ulysmedia.kz қазақстандықтардың Президент уәдесінің орындалуына көзқарастарын білуді жөн көрді.
Мәселенің заңдық негізі
Тоқаев Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы есеп шоттарына жинау, кейін ол қаражатқа үй алуға немесе білім алуға болатынын 2022 жылдың қазан айында – сайлау алдында уәде еткен. Президенттің бұл бастамасыг қоғам жақсы қабылдады.
Бір жылдан кейін парламент тиісті заңды қабылдап, мемлекет басшысы құжатқа қол қойды. Осылайша, балалардың Ұлттық қордан төлемдер алу құқығы заңмен бекітіліп, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асатыны белгілі болды. 2023 жылдың аяғында кәмелеттік жасқа толмаған Қазақстанның барлық азаматы «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасының қатысушылары бола алады.
Заңға сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы жыл сайын балалардың шотына аударылады. Бұл жағдайда табыс орташа мәнде есептеледі, сондықтан балалар бірдей сома алады. Айтылғанда керемет естіледі, бірақ іс жүзінде қалай болады?
Сандар сөйлесін
Бағдарлама басталар тұста елдегі кәмелет жасқа жетпеген балалар саны 6 919 131 болған. Бұл – 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанын қоса алғанда туылғандардың саны. Оның үстіне биыл 304 мыңнан астам бала 18 жасқа толады, сондықтан олар үшін ұлттық қор төлемі бірінші және соңғы болмақ.
Биыл әр балаға Ұлттық қордан 100,52 АҚШ доллары түсті. Бұл қазіргі бағам бойынша шамамен 50 000 теңге. Қаражат 18 жасқа дейін ешқандай мақсатқа жаратылмауы керек, сондықтан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан арнайы есепшот ашылған.
Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес
Төлем түскен күні-ақ Қазнет қолданушылары түрлі мемдер арқылы тақырыпқа қатысты эмоцияларын білдіре бастады. Ұлттық қордың кірісін екіге бөліп, көрсетілген бала санына бөлсеңіз, мүлде басқа сома шығатыны рас. Кейбір сарапшылар бағдарламаның ашықтығына күмәнданғанымен, заң жобасын егжей-тегжейлі зерделеуден кейін бәрі өз орнына түскендей болды.
Зерттей келе, төлемдер ұлттық қорымыздың жылдық емес, соңғы 18 жылдағы орташа табысы арқылы есептелгенін білдік. Сонымен қатар, тек шетел валютасындағы активтер есепке алынады. Соңғы жылдары қордың инвестициялық кірісі біркелкі емес, орташа құны жылдық деңгейден төмен болып шықты. Ал 100,52 доллар осы кірістен шығып отырған сома.
Кейбіреулер мұндай сыйлыққа шын жүректен қуанды, ал басқалары төлемді күлкілі немесе тіпті қорлау деп тапты.
Кейбіреулер мемлекет жасаған сыйға балаша қуанды, ал кейбіреуі бізді мазақ қыла ма деген сыңайда сынай қарады.
Бірақ сәл сабыр етіңіз. Ұлттық қор төлемдері алдағы жылдары бұдан көбірек болады. Олардың айтуынша, Ұлттық қор активтері мен инвестициялық кірістің өсуіне байланысты балалардың есепшотына аударылатын сома да жыл сайын көтеріледі. Сонымен қатар, балалардың есепшотындағы қаражат та құр жатпай, инветициялық кіріс әкеледі. Бұл дегеніміз бағдарлама қатысушыларына қосымша табыс деген сөз.
Жоғарыда айтылғандардан ұғатынымыз, ақша балалардың шотына түскенімен, мемлекет оны өзі басқарады. Сіз өзіңіздің жинақ ақшаңызды 18 жасқа толған соң ғана ала аласыз. Онда да тек білім алуға немесе үй сатып алуға ғана жұмсауға болады.
Яғни, Ұлттық қор балаға аударылған қаражатты 18 жыл бойы өз қалауы бойынша пайдаланады. Ал баланың уәде етілген ақшаны алу-алмауы осы басқарудың тиімділігіне байланысты болмақ.
– Президенттің 2029 жылға дейін Ұлттық қор қаражатын 100 миллиард долларға жеткізу туралы тапсырмасы бар. Ұлттық қор қаражаты мұнайдан түсетін табысқа негізделгенін ескерсек, онда ендігі уақытта Ұлттық қордан алынатын ақша мұнайдан түсетін кірістен артық болмауы тиіс. Бұл балаларға төленетін төлемдер үшін өте қолайлы. Яғни, төлемдер жыл сайын өсіп отырады. Ұлттық қордан төленетін төлемдердің эмоционалды факторы бар (жылына небәрі 700 миллион доллар, ал мемлекеттік қарыз бойынша пайыздық төлемдердің өзі 4 миллиард доллар) және балалардың қаржылық сауаттылығы ерте жастан артады. Ең бастысы – Ұлттық қор активтерін тиімді басқару», — деп жазады «Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов Facebook-тегі парақшасында.
Оның үстіне мемлекет «Отбасы» банкін уәкілетті оператор етіп тағайындады. Сондықтан бағдарламаға қатысушылар 18 жасқа толған соң жинақтарын қолдарына ұстай да алмайды. Ипотекаға үй сатып алсаңыз да, оқу ақысын төлеуге әрекет етсеңіз де, барлығы «Отбасы» банкі арқылы жүзеге асырылады.
Ал егер бағдарламаға қатысушы мемлекет берген төлемді пайдаланғысы келмесе (немесе үй алуға/оқуға жаратуға жоспары болмаса) ақша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына аударылады.
Ештен кеш жақсы немесе жоқтан бар жақсы дейтін сөз бар. Шамасы келгендер балаларымның болашағына деп қор жинайтыны белгілі. Сондықтан кез келген көмек олар үшін пайдалы болады. Рас, әлеуметтік желідегі пікірлерді оқи отырып, қазақстандықтардың аталған бағдарламаға сенбейтінін білдік. Бұл үкіметке деген сенімсіздіктен туындайтыны айтпаса да түсінікті.
Халық «Отбасы банкіне» де, БЖЗҚ да сенімді жинақтаушы ретінде қарай алмайды. Біз айтып отырған бағдарламаға сенімсіздіктің бір ұшы осында жатыр.
Үкімет уәделеріне сеніп, аузы күйгендер жинақ сомаларының қалай талан-таражға түсіп, қалай ұшты-күйлі жоқ болғанын ұмыта қойған жоқ. Көбінің айтатыны: алдын-ала қуанудың қажеті жоқ. Өйткені Үкімет өз уәдесін әрқашан орындай бермейді.
Қабылданған заңдардың да жұмыс істеп кетуіне сенім аз, демек, президент өзі қол қойған заңдардың шын мәнісінде әрекетке қабілетті екенін дәлелдеуі қажет дейді қазақстандық қоғам.