Выбор редакцииИнтервью

Педофилдерге жаза, суицидке итермелеу, әйелді ұрып-соғу: жаза қалай қатаңдатылады?

Енді әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасы күшейеді   

Мәжілісте әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын және осы саладағы қылмыстарға қатысты жазаны қатаңдататын заң жобасы таныстырылды. Заң жобасы аясында қандай тетіктер жүзеге асырылатынын кеңінен тарқатуды жөн көрдік.     

Заң жобаларының негізгі мақсаты – барлық азаматтың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, соңғы кездері тұрмыстық зорлық-зомбылық жаһандық мәселелердің біріне айналды.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Бұл әлеуметтік дертпен күресу үшін әлемнің 155 елі заңдарында жазаны қатаңдатқан. Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күрес қоғам үшін ортақ мәселе және ол кеше ғана пайда болған жоқ. Баршаңызға белгілі, 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа жаза декреминализацияланғаннан кейін осындай салдарларға тап болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заң үстемдігі және тәртіп қағидатын күшейту тапсырмасын орындау үшін бүгінгі заңнамалық түзетулер әзірленді», — деді депутат.

ЗАҢ ЖОБАЛАРЫНЫҢ НОРМАЛАРЫ   

Бірінші. Зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылған:

Егер, 2017 жылдан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне 73-1 Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік жауаптылық қарастырылса, егер азаматтар отбасылық неке қарым-қатынасында болса, ескерту қарастырылса, немесе 15 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылса, 73-2 бабы ұрып-соққаны үшін 10 АЕК айыппұл не 10 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылса, Бұл баптар Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінен алынып, сәйкесінше Қылмыстық Кодекске 108-1 бабы: Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 109-1 бабы: Ұру жаңа баптары енгізіліп отыр.

«Осы жерде бір мәселеге баршаңыздың назарларыңызды аударғым келеді, бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғаумен қатар, барлық құқығы бұзылған денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап балған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту. Жаңа редакцияда, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Сонымен қатар, жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Бұған қоса, балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма қарастырылды. Жаңа редакцияда педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды», — дейді Сүлейменова.

БАЛАНЫ ӨЛТІРУ – ӨМІР БОЙЫНА ТҮРМЕГЕ ТОҒЫЛУ

Жаңа редакцияда кәмелетке толмаған баланы өлтіргендерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.

«Азаптауға байланысты жаңа норма жаңа құрамда қарастырылды, жаңа редакцияда азаптауға қоғамдық жұмыстар 600 сағатқа дейін не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Бұған дейін егер отбасында ойран салатын азаматтың басқа тұрғын үйі болса, оның жәбірленушімен бір үйде тұруына сот тыйым салатын, ол норма жұмыс жасаған жоқ. Жаңа редакцияда Зорлық-зомбылық құрбанын қорғау үшін сот ерекше жағдайларда белгілі бір мерзімге отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға бірге тұруға тыйым салу түріндегі құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға құқылы», — дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, Қылмыстық Кодексте 98-3 жаңа бабы қарастырылып отыр. 98-3-бап.

«Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу. Осы баптың негізінде, құқық бұзған азаматтарға тек жазаны күшейтумен қатар, сот шешімі бойынша керек деп таныған кезде медициналық ұйымдарда психологиялық көмектен өту мүмкіндігі қарастырылды. Азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдану мүмкіндігі қарастырылатын норма көзделген. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтініші бойынша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге, жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгіленуі қарастырылады», — дейді Жұлдыз Сүлейменова.

СУИЦИДКЕ ИТЕРМЕЛЕГЕНДЕР ЖАЗАЛАНАДЫ

«Суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық Кодексте жаңа 2 құрам бойынша норма енгізілді. 1. Суицидке итермелеу және 2. Суицидті насихаттау бойынша, мысалы бұдан бірнеше жыл бұрын «Синий кит» секілді немесе әлеуметтік желілерде челендждер болып тұрады. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізілуде. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде Отбасы институтын нығайту бойынша нормалар қарастырылды», — дейді депутат.

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ

Кодекстің Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасының негіздері деп аталатын 2-бабында жаңа 9, 10 тармақшалары қарастырылды.

  •  дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету;
  •  балаларды ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарға құрмет рухында адамгершілік және рухани тәрбиелеуді қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді.

«Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту ұсынылады.  Бұдан басқа, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі бірқатар құзыреттері қарастырылды. Мысалы, отбасы институтын нығайту жөніндегі негізгі нысаналы индикаторларды бекіту, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды және басқаларды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету қарастырылады», — деді ол.

Депутат атағандай, интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілмек.

«Бұл жерде 2 проблема бар. Бірінші жабық интернат ұйымдары, оған балалар үйлері де кіреді. Екінші арнайы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін ұйымдар. Қазір қалай? Арнайы жоспарлайды, хабарлама береді, сосын барып тексереді. Біздің ұсыныстарымыз: бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей, барлық үлгідегі және нысандағы балаларға арналған интернаттарда кез-келген уақытта мемлекеттік бақылау жүргізуді ұсынамыз. Мониторинг және алдын ала араласу, ескертусіз тексерулер жүйесін енгізу балалардың құқықтарын бұзу жағдайларын дер кезінде анықтауға және уақтылы көмек қолдау көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», — дейді ол.

Депутат балаларға арнайы медициналық-әлеуметтік қызметтерды міндетті лицензиялау қажет деп санайды.

«Білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды, яғни балалардың жазғы лагерлері, жалпы лагерьлеріне міндетті лицензиялауды ұсынамыз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау мақсатында заң жобасында шаралар кешені көзделген. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Болатқызы Зәкиеваның осы бағыттағы ұсыныстары пайдалы болды. Балалар құқығын қорғауда жазалау шараларын қатаңдатумен қатар, қоғамның жаңа моральдық және этикалық қағидаттарын терең сіңіру қажет деп білеміз. Құқық бұзушылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және дамытуды мектептегі тәрбие және білім беру бағдарламаларына енгізу шарт. Бұл заң жобаларын қабылдау барлық азаматтардың өзін қорғалған әділ және құқықтық қоғам құру жолындағы маңызды қадам», — деп түйіндеді ол.

Другие новости

Back to top button