Заманбектің өлімінің себебі қайта тергеле ме — Болат Әбілов не дейді
Қайрат Нұрқаділов 2022 жылдың наурыз айында Бас прокуратураға әкесі Заманбекке қатысты істі қайта қарауды сұрап, арыз жазған. Алайда сол кезде құзырлы орган істі қайта қараудан бас тартқан еді. Сонымен, кешегі астан кейін Заманбектің ісі қайта көтеріле ме деген сауал биліктің жоғары эшелонында қызу талқыланып жатқанға ұқсайды. Ulysmedia.kz қоғамда қызу талқыланып жатқан жайтқа қатысты қызықты талқылауды тапты.
Саясаткер Болат Әбілов «Гиперборей» ютуб каналына берген сұқбатында (№390) осы жайлы пікір білдірді. Тоқаев дәл қазір болмаса да, сәл кейін осы істі қайтадан тергеуге тапсырма бере ме?
– Меніңше, Тоқаев бұған қатысты тапсырма береді. Мен Заманбектің ұлы Қайратпен тығыз байланыстамын, жақсы араласамын. Оның бұл шаруаны қайтадан қолға алғанына қолдау білдірдім. Егер біздің тарапымыздан қолдау керек болса, көмектесуге дайынбыз дедім. Екі жыл бұрын оның бетін қайтарып тастады. Бұл уақытша ғана. Оның өз-өзін өлтірді деген версия бұрынғы билікке қажет болды. Суицид болды дегенге сол кезде ешкім сенбесе де, ресми мәлімдемеде солай айтылды. Заманбек Қалабайұлымен көзі тірісінде де оқиға болған бөлмеде талай сұқбаттасқанбыз. Әлі көз алдымда, бильярд үстелі бар ол бөлмеде. Тіпті ол «Терминатор» болса да, өзін екі жерден атып, кейін басына оқ ату еш мүмкін емес. Ол бөлмеде Заманбектің отыратын креслосы болды. Ол өзіне келген қонақтарды сол орында отырып қабылдайтын. Оның өз-өзіне қол салғаны туралы тергеу нұсқасы еш ақылға сыймайды. Мұның түптің-түбінде қайта қозғалатынына біз сендік. Оған тек уақыт қажет. Міне, сол уақыт жеткен сияқты, — дейді бұрын оппозициялық «Ақжол» партиясының тең төрағасы болған белгілі кәсіпкер Болат Әбілов
Еске салсақ, 14 қаңтарда, Алматыдағы мейрамханалардың бірінде Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдығына орай еске алу шарасы өтіп, ас берілді. Асты өткізудің саяси астары бар ма деген сұраққа келсек, оған жауапты асқа қатысқан және қатыса алмаса да арнайы хат жіберген лауазымды тұлғалардың іс-әрекетінен іздеген жөн. Алдымен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың хатын жиналған жұртшылыққа Баспасөз хатшысы Берік Уәли оқып берді. Сенат пен Мәжіліс төрағалары М.Әшімбаев пен Е.Қошанов та, Алматы облысы мен қаласының әкімдері М.Сұлтанғазиев пен Е. Досаев та Президент саясатына қолдау білдіріп, хат жолдаған. Бұл нені білдіруі мүмкін? Болат Назарбаевтың асына жиналған бұрынғы ығай мен сығайлар марқұм Болатты емес, ағасы Нұрсұлтанды мадақтап кеткенін ескерсек, саясат сахнасындағы таразы басы теңесу үшін Тоқаев та өз жоспарын бастаған болуы мүмкін. Ал осыдан екі жыл бұрын, 2022 жылы Қайрат Нұрқаділов арызбен жүгінгенде, Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты істі тергеу билікке қажет болмаған сияқты.
Оқи отырыңыз: Өзім дегендер өзектен тепсе: Нұрқаділов 19 жылдан кейін неліктен қаһарманға айналды.