Алматы облысында әйел екі баласын қарай алмай, полиция қызметкерлеріне әкеліп тастаған
Алматы облысында әйел екі баласын қарай алмағандықтан, оларды полиция қызметкерлеріне әкеліп берген. Қарасай ауданында кәмелетке толмағандарды қабылдайтын орын болмағандықтан, қос бүлдіршін қазір Шамалған ауылындағы аурухана жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Екі бүлдіршін анасы тастап кеткеннен бір аптадан бері Шамалған ауылындағы аурухана ғимаратын паналауға мәжбүр. 2 және 5 жастағы балаларды анасы тәртіп сақшыларына әкеліп берген. Артынша бүлдіршіндер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген. Ауруханадағылар кішісі сол күні анасын іздеп жылай бастағанын, ал дәрігерлер оны сыртқа шығарып ойнатып, жұбатуға тырысқандарын айтады. Қазір ағалы-қарындасқа ауруханадан жеке бөлме беріліпті. Өйткені мұнда түрлі дертпен түсетін балалар көп.
“Қазіргі уақытта балалардың жағдайы жақсы. Осында тамақ ішіп, есік алдына серуендеуге шығады. Екі медбике тәулік бойы қарап жүр. Бірақ мұнда түрлі дертпен түсетіндер саны көп болғандықтан, әрине қорқыныш та бар”, – деді Қарасай аудандық орталық ауруханасы педиатрия бөлімінің дәрігері Байрам Асланов.
Бес жастағы балақай үштегі қарындасына қамқор болып жүр. Аурухана қызметкерлері мен өзге де тұрғындар оларға киім-кешек әкеліп, көмек көрсетуде. Ал анасының мұндай шешімге не себептен барғаны белгісіз. Екі баланың анасы Шамалған ауылында тұрмайды екен. Іргелі ауылдық округінде тұратын әйел ұл-қызын әлі бірде-бір рет іздеп келмеген. Енді бүлдіршіндердің ары қарайғы тағдыры не болатынын комиссия шешеді.
“Кәмелеттік жасқа толмаған 2 баласын отбасылық жағдайына байланысты асырай алмайтындығын айтып, өтініш ретінде білдірген. Алдағы уақытта Қарасай ауданы әкімдігі жанындағы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ісімен айналысатын комиссияның алдымыздағы жұмада отырысы болады. Енді бұл мәселе осы отырыстан кейін толығымен шешіледі”, – деп мәлімдеді Шамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәурен Абзалұлы
.