«Екінші жолдасым қол көтеріп, басымнан соққы алдым»: Әнші Бақыт Шадаева тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы айтты
Қазақ эстрадасының аға буын өкілі, танымал әнші ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақыт Шадаева алғаш рет тұрмыстағы сәтсіздіктерін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Менің өмірім” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде әнші екі қыз тәрбиелеп, үлкен қызынан жиен сүйіп отыр.
“Күйеуімнің қазақ емес екенін кеш білдім”
«Тұрмысқа 20 жасымда шықтым. Оқуды бітіріп, «Гүлдер» ансамбліне жолдама алдым. Маған жас маман ретінде жатақханадан бөлме берді. Болашақ күйеуіммен жатақханада таныстым. Ол өте интеллектуалды жігіт болатын. Екеуміз көп сөйлесетінбіз, дос болып кеттік. Бір күні алыстан оның анасы келеді, сол кезде баласының бір жас қызбен сөйлесіп жүргенін естіп, менімен кездескісі келген. Сөйтіп, бөлмесіне дастархан жайып, мені шақырған болатын. Анасы мені ұнатып қалды, екеуміздің әңгімеміз жарасып кетті. Ол кісі ақылын беріп, кетіп бара жатып «балам оны бізге қонаққа алып кел» деді. Біз «жарайды, жазғы демалыс кезінде міндетті түрде барамыз» деп қалдық. Содан жазғы демалыс жақындаған кезде жаңағы досым «сені анам шақырды ғой, жүр кеттік» деді. Мен де жаспын, еріп бара бердім. Алтай еліне бардық. Оның қазақ емес екенін сол жаққа барған кезде білдім. Бізді оның туыстары күтіп алды. Анасы құшақтап, сүйіп, басыма орамал тақты. Болды, келген жерің осы деді. Сондықтан сол жерде қалдым. Мен тіпті әке-шешем білмейді” деп жыладым”, – дейді әнші.
“Өзімнің тапқан ақшама үйлену тойын жасадық”
Әншінің айтуынша, ата-енелері мен туысқандары өте жақсы қабылдап, зиялы отбасыға келін болған.
Ата-енем мені өте жақсы қарсы алды. Үйленіп, тойымызды жасап біткенше сол жерде бір айдай болдық. Сол жақтан ерлі-зайыпты болып қайттық. Бұл сәтте атым шығып, танымал әншілердің бірі болып жатқан кезім болатын. Гонорарым жақсы болды, жақсы ақша тауып бастадым. Сол кезде өзімнің тапқан ақшама той жасадық. Күйеуімнің жағдайы жоқ болатын. Кейін өнеріме де кедергі келе бастады. Күйеуің болғасын, талап көп. Ол жаққа барма, ана жаққа шықпа деген әңгімелер басталды. Өзі де өнерде жүрген адам. Өзі де шыққысы келді. Аздап бақталастық сәттер де болды. Күйеуімнің мені асырайтын жағдайы болған жоқ. Жатақханада айлап тамақ жемеген күндерім болды. Оның үстіне аяғым ауыр болып қалды. Одан кейін дүниеге қызымыздың келгеніне 5 ай болған кезде оны әскерге алып кетті. Ол 2 жыл әскерде болғанда кішкентай баламен қатты қиналып қалдым. Соның барлығы арамызда түсініспеушіліктердің пайда болуына әкелді. Осылай, ол әскерден келгеннен кейін ажырасып кеттік», – деп сол сәтті еске алды әнші.
“10 жылдан кейін екінші рет тұрмыс құрдым”
«Екінші жолдасымды 10 жылдан кейін кездестірдім. Білімді, өте жақсы жігіт деп ойладым. Ол заң саласында сот болып істейді. Ол да ажырасқан. Екінші жолдасым туысқандарымен бірге үйге құда түсіп келді. Алайда мен олардың қатты асыққандарына таңғалдым, себебі менің гастрольден келген кезім, екеуміз аса сөйлесіп те үлгерген жоқпыз. Анам менің өнер жолында жүргенімді, менің халықтың қызы екенімді, барлығын түсіндіріп айтты. Олар бәрін білетінін, түсінетінін жеткізді. Солай үйлендік, мен де қуандым. Әрбір әйел бақытты болуға лайықты. Біз балаларымыз болса да, отбасылы болғанды қалаймыз. Олардың көз алдарында да жанұялы, жанында қорғаушысы бар адам болып көрінгіміз келеді.
Тойдан кейін Қарағандыға барып тұрдық. Жолда кетіп бара жатқанда телефоныма тыным жоқ, адамдар хабарласып жатыр. Бір уақытта бір кісі қоңырау шалып қалды да, «Бақыт Шадаевасыз ба? Мен шынымен Бақыт Шадаеваның даусын естіп тұрмын ба? Мен сізді қатты жақсы көремін» деді. Қасымда жолдасым келе жатыр. Мен сасқанымнан рақмет айтып жатырмын. Сол сәтте ол қолымнан телефонымды жұлып алып, көліктің ішінде сындырып жіберді. Мен не болып қалды деп, ештеңе түсінбей қалдым. Оның қылығынан қорқып кеттім. Оның көзі аларып кеткен, «сені жақсы көрем деп жатса, сен оған мәзсің» деді. Осындай қызғанышынан мен бірнеше рет ауруханаға түстім. Үшінші рет қол көтеріп, басымды соққан кезде мен бұған шыдап тұра алмаймын дедім», – дейді әнші.
Айта кетейік, әнші үш рет тұрмыста болғанын жасырмайды. Үш некесі де сәтсіз аяқталған.