Екібастұзда 2008 және 2009 жылғы жеткіншектер қатарластарын аяусыз соққының астына алған
Екібастұзда оқушыға әлімжеттік көрсеткен балалардың ата-аналары әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Жеткіншекті қатарластары аяусыз ұрып, тепкінің астына алған видео әлеуметтік желіге таралып кеткен болатын. Оқушылар арасындағы төбелеске қатысты полиция қазір әкімшілік іс қозғаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Екі апта бұрын болған оқиға желіге енді ғана шықты. Бейнежазбадан бір оқушының өзге баладан таяқ жеп жатқаны анық көрінеді. Соққыдан жерге құлаған жеткіншекті аяп жатқан ешкім жоқ. Араша түсудің орнына бір топ бала видеоға түсірген.
Айта кетейік, жыл басынан бері Екібастұзда жеткіншектерге қатысты жасалған 66 зорлық-зомбылық дерегі тіркелген.
“Жанжал 2008 және 2009 жылғы кәмелетке толмаған балалардың арасында болды. Олардың ата-аналарына 127-бап бойынша әкімшілік іс қозғалды. Кәмелетке толмағандардың оқу орнында алдын алу шаралардың кеңесі өткізілді. Кәмелетке толмағандар мектеп ішіндегі есепке және ішкі істер органдарына есепке қойылды”, – дейді Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Павлодар облыстық полициясының баспасөз қызметі аталған факті бойынша материалдар Екібастұз қаласының кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданғанын жеткізді. Төбелеске қатысқан кәмелетке толмаған балалар мектепте есепте тұрады, сонымен қатар ішкі істер органдарында есепте тұрады.