Жеті жасар Миланамен қоштасу: Екібастұздағы мәйітханаға жүздеген адам жиналды
Бүгін марқұм Милананы соңғы сапарға шығарып салу үшін Екібастұздағы мәйітханаға жүздеген адам жиналды. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Милана Екібастұзда жерленді.
Қоштасуға келгендердің қатарында үш күн бойы іздестіру жұмыстарына қатысқан еріктілер де, қайғылы оқиғаға бей-жай қарамаған ұстаздар мен қарапайым тұрғындар да бар.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, Милананың отбасында 2014 жылы туған ұл және 2017 жылы туған қыз бала бар. Төтенше жағдайдан кейін екеуі де Екібастұздағы балаларға қолдау көрсету орталығына орналасқан.
Екібастұздағы қайғылы оқиға
Естеріңізге сала кетейік, жоғалған қыз туралы хабар Екібастұз қаласының полициясына 17 қараша күні сағат 21.15-те келіп түскен. Анасының айтуынша, сәби бірнеше сағат бұрын жоғалып кеткен. Өздері іздегеннен еш нәтиже шықпағаннан кейін ата-ана полициядан көмек сұрауға шешім қабылдаған. Полиция жедел аяғынан тік тұрып, баланың жоғалғаны туралы ақпарат жергілікті чаттар арқылы таратылды. Іздеуге еріктілер мен қарапайым тұрғындар қосылды.
Полицейлер Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылында ғана емес, облыс аумағында да іздестіру шараларын жүргізді. Бұрын хабарланғандай, Милана 17 қараша, яғни, жұма күні кешке жоғалып кеткен. Оны іздеу үшін барлық төтенше жағдайлар қызметі, полиция қызметкерлері, мұғалімдер және еріктілер жұмылдырылды. «Қазавиаспас» тікұшағы да тартылды. Қыздың әкесі Александр Кольчин қызының қайда кеткенін түсіндіре алмайтынын айтты. Ол жоғалған күні жайлауда жұмыста болған. Милананың әкесі оны ұрлап кетуі мүмкін деп болжаған еді. Күдіктілердің бірі ретінде Милананың анасы ұсталған.