Госорганы

«Шайтан түртті»: Түркістан облысында 5 жасар қызды зорлаған педофилге қатысты үкім шықты

Түркістан облысында 22 жастағы жігіт 5 жасар қызға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған. Ол кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Сұмдық оқиға жарты жыл бұрын орын алған болатын. Куәгерлердің айтуынша, көрші жігіт қылмысты күндіз жасаған. Әкесі аулада көлігін жөндеп жатып, қызын үйіне жіберген кезде жігіт оны ұстап алып, зорлық көрсеткен. Балдырған бар күшін жинап, сыртқа шығып, болған жағдайды отбасына айтқан. Жергілікті тұрғындар полицияны күтпей-ақ педофилді тауып алып, тәртіп сақшылары келгенше ұстап, ұрып-соққан.

Түркістан облыстық соты арыстық педофилге үкім шығарды. Сотталушы жігіт дәл сол күні өзін шайтан түрткенін айтып, кінәсін мойындады. Дегенмен бұл ақталуы судьяның шешіміне әсер етпеді.

«30 қазандағы сот үкімімен сотталушы «Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 20 жылға қауіпсіздігі орташа түзеу колониясында жазсын өтеуге үкім етті. Сондай-ақ оған өмір бойына педагогикалық қызметпен айналысу және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.

Педофил 42 жаста бостандыққа шығады. Қыздардың туыстары сот үкіміне қарсылық білдірмеді.

Другие новости

Back to top button