Мейрамханаға жарнама жасады: Талдықорған әкімдігі желідегі жазбасы үшін көптің сынына ұшырады
Талдықорғанда мемлекеттік органның Instagram-дағы ресми парақшасында мейрамхананың ашылуы туралы ақпарат жарияланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мейрамхана жеке қаражатқа салынған. Дегенмен желі қолданушылары әкімдік парақшасында мейрамхана туралы ақпарат жарияланғанына наразы.
“Қаржы пирамидасын жарнамаламағанына рахмет”, “Бұған қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріс жүргізсін”, Барлық әкімдіктер мен әкімдер осылай істейді. Өздеріне жақын кәсіпкерлерді жарнамалайды, ашылу салтанатын өткізеді”, – деп жазды желі қолданушылары.
Салтанатты ашылу рәсіміне қала басшысы Ернат Бәзіл қатысты. Суретте ол мейрамхананың лентасын қиып жатқанын көруге болады, кейін шараға жиналғандарды құттықтаған.
“Shafran мейрамханасы енді талдықорғандықтарға қолжетімді бағамен тағамдардың кең ассортиментін ұсынбақ. 250 орындық мейрамханада жазғы терраса, 3 VIP зал және балалар ойын бөлмесі бар”, – делінген әкімдіктің хабарламасында.