Абай облысында жеке үйден өрт шығып, 4 бала қаза тапты
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті
Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйден шыққан өрт салдарынан 4 бала қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«2023 жылғы 25 қазанда сағат 10:49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласының жеке үйлерінің бірінде түтін шыққандығы туралы сигнал келіп түсті. 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге кетті», — делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 шаршы метрде жиһаздар мен жеке заттары жанғаны анықталды.
Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталып жатыр. Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда.
«Оқиға орнында төрт баланың денесі табылды. Өлімнің себебі анықталуда. Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта отбасы мүшелеріне барлық қажетті көмек көрсетілуде», — делінген хабарламада.
Жағдай ЖАО бақылауында.
Аbainewskz Телеграм-арнасының жазуынша, 8 жасар егіздер мен олардың 3 және 2 жастағы інілері көмірқышқыл газынан уланып қайтыс болған. Балалардың әкесі жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейтіні және оқиға кезінде жұмыста болғаны, ал анасы базардан азық-түлік сатып алуға шыққаны хабарланды.