ГлавноеМангистауская область
«Айдан айға жетпейтін жарымаған жалақымен жүрдік»: Жұмыс сұраған жаңаөзендік жастар ереуілге шықты
Жаңаөзенде бір топ жастар әкімдік алдына жиналып, үндеу жариялады. Наразы топ ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақовқа және жергілікті депутаттарға өтініш білдіріп, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жастар өздерінің тұрақты жұмысы жоқ екенін алға тартып, бұл мәселемен шенеуніктерге бірнеше рет жүгінгенін айтты. Жиналғандар жұмысқа орналаспайынша Жаңаөзендегі қалалық әкімдіктің жанынан кетпейтіндерін мәлімдеді.
“Біз Жаңаөзен қаласының бір топ жұмысшы азаматтары Жаңаөзен қаласы әкімінен тұрақты жұмыс сұрап, өтініш жасаған болатынбыз. Біз әкімдік жолдаған маусымдық, уақытша жұмыстарды істедік. Айдан айға жетпейтін жарымаған жалақымен жүрдік. Біз жұмысшы жастар қала әкімінен және облыс әкімінен тұрақты жұмыс талап етеміз және талап орындалғанша әкімшілік қасында бейбіт ереуілді жалғастыра беретінімізді ескертеміз. Біздің тұрақты жұмысымыз жоқ. Бізге тұрақты еңбек ететін мекеме қажет», — дейді әкімдік алдына жиналған жастар.