Нұр-Сұлтанда EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында «KIDS EXPO. Балалар әлемі» көрме-жәрмеңкесі басталды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Жәрмеңкенің бағыты: білім беру, хобби, демалыс, балалар мәдениеті (журналдар, кітаптар және музыка), ойындар әлемі (ойыншықтар, ойындар және қолдан жасалған бұйымдар), балалар сәні мен киімі, керек-жарақтар мен аксессуарлар және т.б.
Іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен QazExpoCongress ұлттық компаниясы ұйымдастырды.
«Елордалық балалар тауарларына арналған «Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесі – қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа оқу жылына қажеттінің бәрін сатып ала алатын алаң. Мұнда бес күн бойы кітап, кеңсе, тоқыма, білім беру, ойын-сауық индустриясының 100-ге жуық қатысушысы өз тауарларын ұсынады», — дейді ұйымдастырушылар.
Жәрмеңке барысында келушілер үшін арнайы ақпараттық, мәдени және спорттық бағдарлама ұйымдастырылып, оған қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысады. Сондай-ақ EXPO алаңында білім беру мекемелерінің педагог-психологтары үшін панельдік сессиялар, кітаптардың тұсаукесерлері, оқыту әдістері, мектептер, сондай-ақ тренингтер мен мастер-кластар, конкурстар, балалар мен мектеп киімдерінің көрсетілімдері өткізіледі.
Ұйымдастырушылар жәрмеңкені жыл сайын өткізуді жоспарлап отырғанын айтып өтті.