Журналист Сандуғаш Дүйсенованың ісі: президент Тоқаевтың атына петиция жолданды
Істі болған журналист Сандуғаш Дүйсенованы қолдауға бағытталған петиция жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сөз бостандығын өрескел бұзуға байланысты барлық мәселелер бойынша тағы бір рет сөтінішпен Конституцияның кепілі ретінде Сізге жеке жүгінуге тура келетіні әрине өкінішті.
Біз жақын арада еліміздің азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау үшін Президенттің жеке араласуы талап етілмейтін елде өмір сүреміз деп үміттенеміз. Алайда, Сандуғаш Дүйсенованың ісіне қатысты қалыптасқан жағдай сіздің жеке назарыңызды талап етеді”, — делінген Әділ сөз жариялаған үндеуде.
Сандуғаш Дүйсенованың қызы Сая Біләлованың айтуынша, ұсталған журналистке Instagram желісіне кіруге рұқсат берілген,»бірақ олар жазба жазуға кеңес бермейді».
«Сондықтан бүгіннен бастап оның парақшасын мен жүргіземін. Біз өте жаман жағдайды бастан өткердік: анам қылмыскер ретінде тергеу изоляторына жабылды, оны бас бостандығынан айырды, тек іске Қазақстан журналистері араласқаннан кейін ғана оны босатты! Қазір ол өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыра алмайды, сол үшін қатты ашулы!»,- деді Біләлова.
Оның айтуынша, тергеуші Дүйсеновадан алдағы жарияланымдардың барлық бейне және фотоматериалдары сақталған ұялы телефонды тартып алған.
«Ол тіпті сізбен байланысқа шыға алмайды, сондықтан тергеудің соңына дейін күтуді сұрайды. Бұл іске бейжай қарамаған адамдар бастаған петицияны қолдаңыздар», — деп қорытындылады журналистің қызы.
Еске салайық, Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны жөнінде алдымен алыпқашпа әңгімелер тарай бастаған. Көп өтпей, полиция оның ұсталғанын растады.
Журналисті қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін, атап айтқанда адамның жеке немесе отбасылық құпиясы болып табылатын жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз таратқаны үшін (ҚР ҚК 147-бабы) тергеу изоляторына орналастырғаны белгілі болды.
Келесі күні Дүйсенова полицейлер оны ұстап, жігерін құм қылу үшін тыр жалаңаш шешіндіргенін мәлімдеді. Полицейлер жеке тінту процедурасы қылмыстық тергеушінің қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен тергеушінің ҚІЖК талаптарына сәйкес жүргізілгенін айтады.
Ақпарат министрлігі Дүйсенованың ұсталуына түсініктеме беріп, мәселені бақылауда ұстайтындықтарын мәлімдеді.
Дүйсенованың ұсталуы журналистерге тағы бір ескерту ме әлде полицияның кезекті жүгенсіздігі ме – бұдан бұрын Ulysmedia.kz осы сұраққа жауап іздеп көрген.