«Сұрап іздеп кеттік”: Павлодар облысында жанармай талонмен беріліп жатыр
Павлодар облысында бензин тапшылығы туындады. Көлік жүргізушілерінің айтуынша АИ-95 және АИ-92 маркалы жанармайды табу қиынға соққан. Тіпті кейбір бекеттер жанармайды тек талонмен беріп жатыр екен. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі 31 арнаның“Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс орталығынан бөлек өзге қала мен аудандарда да тапшылық байқалған. Одан бөлек Жасыбай, Баянауылға демалуға келген туристер де салдарынан үйлеріне кері қайта алмай отырғандарын айтады.
“Бұл мәселе қиын болып тұр. Қонақтар жан-жақтан енді келіп жатқанда жанармай жоқ. Әкімшілік еш жағдай жасап жатқан жоқ. Ауылдан аннан, мыннан сұрап іздеп кеттік”, – деді көлік жүргізушісі Нұрғали Қарпаев.
Жүргізушілер АИ-92 маркалы бензинін іздеп жүріп табамыз, ал 95 мүлдем жоқ дейді. Бар болғанның өзінде талон сұрап жатыр екен. Салдарынан баға да тұрақтамай күннен-күнге өсіп жатыр деп қапалы.
Ал, әкімдіктегілер тапшылықтың туындауын мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуымен байланыстырады. Десе де, қала, аудандарда жанармайдың жеткілікті қоры бар деп сендірді.
“Біз күн сайын мониторинг жасаймыз. Әр жанармай бекетімен хабардамыз. Павлодар қаласы бойынша дизель отыны 153 тонна бар. АИ 95 87 тонна, АИ 92 377 тонна бар”, – деді Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нұркинбаев.
Жауаптылар жанармай тапшылығы бірер күннен кейін басылады деп сендірді. Өйткені өңірдегі зауыт мұнайды тәулігіне 15 мыңға артық өндемек.