«Жағдайы мүшкіл»: Жамбыл облысында ауыр жарақат алған сарбазды әскерилер емшіге емдеткен
Әскерге сау кеткен жігіт 8 айдан соң аурухана төсегіне таңылған
Жамбыл облысында әскерге кеткен сарбаз сегіз айдан кейін ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Жақындарының айтуынша, соққының салдарынан ұлдарының қабырғасы сынып, бауыры ісіп кеткен. Ең сорақысы, бұл істі жылы жапқысы келген әскерилер туыстарына тіс жармастан сарбазды ауруханадан алып шығып емшілерге апарған екен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі 31-арнаға сілтеме жасап.
Шырылдаған ана шала жансар күйде жатқан ұлының жағдайын ойлап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Қазан айында Жамбыл облысындағы 91/678 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен ұлы Ерлан Бекеевтің маусым айының басында ауырып жатқанын естіген. Әуел баста құлап қалдым деген сөзіне сеніп жүре бердік деген Гүлжәмилә Бәйленова кейіннен жағдайының нашар екенін сол жақта тұратын туысынан естіген. «Нәр татудан қалған ұлым да кейін әскери бөлімдегілердің аяусыз соққыға жыққанын мойындады» дейді. Ал ұрған кісілер ұлымды әбден қорқытып тастаған деп отыр.
«Үш жылдық контрактідегі сержант баламды ұрған. Басынан тепкен, ішінен тепкен. Баланы сөйтіп қорқытқан. «Сенің әлі 4 айың бар қазір 8 ай өтедің. Егер айтатын болсаң, қалған төрт айыңда саған азап беремін, әскери билет бермеймін, мінездемеңді жамандап жазып беремін» деп баламды қорқытқан», — дейді сарбаздың анасы Гүлжәмилә Бәйленова.
«Бапкер болғысы келген ұлым жоғарғы оқу орнына түсе алмай қалды» дейді анасы. Бүгінде әскерге барғандарға оқуға түсу мүмкіндігі қарастырылғанын естіп, бірден өз еркімен Отан қорғауға кеткен ол соңғы уақыттарда 5 жылға келісіммен әскерде қалуды да көздеп жүрген екен. Бірақ аяусыз соққыдан кейін жағдайы нашарлап кеткен. Ал әскери бөлімдегі ақ халаттылардың қолынан емдеу келмеген соң, қызметкерлердің емшілерге апарғанын айтады.
«Операция жасауға болмайды деп өздері емшіге апарады. Сөйтсе оның үш қабырғасы сынған, өті қозғалған, бауыры ісіп тұр деген. Бірақ жағдайы төмендей бастағаннан кейін Таразға ауыстырады», — дейді сарбаздың ағасы Нұрдәулет Бекеев.
Жамбыл облысындағы ауруханалардан ем таппаған жандар оны Алматыға ауыстыруға келіседі. Бірақ анасы жағдайы мүшкіл баланы қазір Жаркент пен Алматының арасында ары-бері сүйреп әбден мезі қылғанын айтып отыр. Ас батпаған бала әбден қалжыраған дейді. Ал Қорғаныс министрлігінің мамандары Ерлан Бекеевті ешкім ұрып-соққан жоқ деп отыр. Тек кезекшілікте тұрған кезде басын ұрып алған дейді.
«Қатардағы жауынгер Ерлан Бекеевті ешкім ұрып-соқпаған. Осы факті бойынша Тараз горнизоны әскери полиция өкілдері тексеріс өткізді. Тексеріс барысында билігін асыра пайдалану фактісі де орын алған жоқ. Және ұрып-соқпағаны дәлелденді. Себебі, компьютерлік томографияға түсіру барысында патологиялық көрініс анықталған жоқ. Кезекшілікте тұрған кезде басын соғып алған», — деді Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы басқармасының аға офицері майоры Рахат Тұлыбай.
Әбден қалжырап жатқан ұлын өз көзімен көрген Гүлжәмилә Бәйленова мұнымен келіспейтіндігін жеткізді. Ешкіммен қақ-соғы жоқ жігітке осыншама қиянат жасағандар заң алдында жауап беруі тиіс дейді.