Шымкенттіктер аптап ыстықтан футбол алаңына түнеп құтылуда (видео)
Шымкентте көпқабатты үйде тұратын тұрғындар пәтерлеріндегі адам төзгісіз ыстықпен күресудің жолын тапты. Бұл туралы Otyrar.kz сайты хабарлайды.
«Нұрсәт» шағын ауданындағы көк үйлердің бірінде тұратын қыздар төсек-орын жабдығымен сыртқа шығып, футбола алаңында ұйықтайтын орын дайындаған. Қыздар түсірілген видео әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Пікір білдірушілер қыздарды қолдап, жақсы демалуларына тілектерін білдірді.
«Кондиционері жоқтар түсінеді», «Иә, көпқабатты үйлерде өте ыстық, аптап ыстықтан түнде ұйықтай алмаймыз. Жақсы идея, мен де көшеде түнеймін», «Мен Нұрсәт ықшамауданында тұрамын, жақында таңғы 6-да жүгіруге бардым, көшеде ұйықтап жатқандарды көрдім», — деп жазады желі қолданушылары.
Шымкент тұрғындары қатты аптап ыстықпен ұзақ уақыт күресуі мүмкін дейді синоптиктер. Сондай-ақ олар жоғары өрт қаупі туралы ескерту жасады.
«Түркістан облысы мен Шымкент қаласында апта соңына дейін жауын-шашын күтілмейді. Жауын-шашын тек облыстың таулы аймақтарында болуы мүмкін. Шығыстан жел соғады деп күтілуде. Ал ауа температурасы күндіз +40-42, түнде +22-24 градус жылы болады. Құрғақ субтропикалық ауа райы Таяу Шығыстан келеді», – деді синоптик Мейірбек Қаһарбеков.
Сондай-ақ, диетологтар аптап ыстықпен күресу бойынша кеңестерімен бөлісті. Ыстық ауа райында олар майлы, қуырылған және тәтті тағамдарды алып тастауға кеңес береді. Мәзірде жеңіл тағамдар болуы керек, яғни көкөністер, жемістер, пісірілген немесе бұқтырылған балық, тауық еті, салқын сорпа және окрошка. Сарапшылар алкоголь мен газдалған сусындарды ішуге кеңес бермейді.