Электр энергиясын өндіретін ұйымдарға сатылатын көмір қымбаттауы мүмкін
Келер жылдан бастап электр энергиясын өндіретін ұйымдардың қажеттілігі үшін жеткізілетін көмірдің бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2018-2021 жылдар мен 2022 жылдың І жартыжылдығының уақытша кезеңінде көмірді көтерме саудада өткізудің тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша энергия өндіруші ұйымдардың мұқтаждары үшін көмірді өткізудің тауар нарығының көлемі анықталды. Бүгінде бұл бағытта 85% монополиялық үлесі бар «Богатырь Көмір» ЖШС жетекші орында», — деп көрсетілген құжатта.
Белгілі болғандай, бүгінде «Богатырь Көмір» ЖШС электр энергиясын өндіретін ұйымдарға сататын көмірдің бағасын біржақты тәртіппен айқындайды және ол нарыққа тікелей әсер ете алады.
«Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгісінің болуын назарға ала отырып, қазіргі уақытта серіктестікке қатысты монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау туралы мәселе қаралуда. Алайда, аталған монополияға қарсы ден қою шаралары серіктестіктің жүйелік деңгейдегі жоспарына әсер ету тұрғысынан тиімділігі төмен. Субъектінің өзгермейтін үлесін және бағаның тұрақты өсуін ескере отырып, оған мемлекеттік баға белгілеуге мүмкіндік алу үшін оны қоғамдық маңызы бар нарықтарға жатқызу ұсынылады», — деп бастама көтерілген құжатта.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі келтірген дерекке сай, биыл 1 қаңтардан бастап электр энергиясын өндіретін ұйымдарға сатылатын көмірдің бір тоннасы 2 968 теңгеге дейін көлемде бекітілген. Ал 1 шілдеден бастап 3 092 теңге болды. Келер жылы бұл сома тағы қымбаттайды. Атап айтқанда, 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап «Богатырь Көмір» ЖШС-ден жөнелтілетін көмірдің тоннасы 3 235 теңге болмақ.