Жамбылская область

Жамбыл облысында «Қазфосфат» жұмысшылары ереуілге шықты

Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің қызметкерлері наразылыққа шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

2023 жылдың 13 сәуір күні шамамен түскі сағат 12:30 шамасында жүздеген қызметкер «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ғимаратында жиналған.

Қызметкерлердің айтуынша, инвесторлар фабриканы тонайды. Сондай-ақ жиналғандар қордаланған мәселелерді көтеріп, ғимарат аумағында жан айқайларын жеткізген.

ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты, Гүлдара Нұрымова жұмысшылардың талап-тілегін тыңдау үшін шұғыл түрде Әулиеата өңіріне жұмыс сапарымен шығатындығын хабарлады.

«Құрметті жерлестер! Жаңатастағы жағдай бойынша жұмысшылардың талап-тілегін тыңдау міндетім. Сол үшін Сарысу ауданына жолға шығамын. Таңертең жедел түрде Астанадан ұшатын боламын Құдай қаласа», — деп ол өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба қалдырды.

Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы Сарысудағы «Қазфосфат» жұмысшыларының наразылыққа шыққанына қатысты түсініктеме берді.

«Сағат 12:30-да Жамбыл облысының Сарысу ауданында «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ғимаратында «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариевтің, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен осы кәсіпорын қызметкерлерінің (шамамен 150 адам) жиналысы аяқталды», — деп хабарлады басқарма.

Сонымен қатар, кездесу нәтижесінде ТКӨК жұмысшыларының бұрын ұсынған әлеуметтік тұрмыстық талаптарын шешу үшін татуластыру комиссиясын (әр цехтан 5 өкіл және аудандық мәслихат депутаттары) құру жөнінде жалпы шешім қабылданған. Комиссия төрағасы болып «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев сайланған.

Еңбек инспекциясының басқармасының хабарлауынша, қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. 

Другие новости

Back to top button