«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ға 27,6 млн теңге айыппұл салынды
Қысқартылған тәртіппен 7 тәулік ішінде айыппұл сомасының 50% мөлшерінде, яғни 13 800 000 теңге төледі
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің (ТМРКД) Павлодар облысы бойынша департаменті «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ға 27,6 млн теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Аталмыш департамент мамандары Екібастұз қаласының прокуратурасы жүргізетін «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның қызметін тексеру аясында, монополисті табиғи монополиялар саласындағы заңдылықты сақтауына тексерді.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ның 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымында Екібастұз қаласының тұрғындарына жылу энергиясын сапасыз жеткізу түрінде бекітілген температуралық кестенің параметрлерін жүйелі түрде сақтамауын ескере отырып, ТМРКД әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-бөлігі бойынша бес әкімшілік іс жүргізуді қозғау арқылы ден қою шараларын қабылдады. Құқық бұзушылықтар жиынтығында осы баптың санкциясы 27 600 000 теңге мөлшерінде айыппұл көздейді.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 811-бабына сәйкес, қысқартылған тәртіппен 7 тәулік ішінде айыппұл сомасының 50% мөлшерінде 13 800 000 теңге айыппұл төледі.