Таразда дәрігерлер төрт тігін инесін жұтып қойған баланы құтқарып қалды
Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық
Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 3 жастағы баланың анасы оның киімдегі «молния» ілгегінің жүгіртпесін жұтып қойғаны туралы шағымданып, баланы ауруханаға алып келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Іш қуысының шолу рентгенограммасында жүгіртпе мен асқазанның проекциясында екі тігін инесі бар екені анықталды. ЭФГДС емшарасын жүргізу кезінде асқазаннан бір ине алынып тасталды, жүгіртпе болмады.
Пациент мамандардың бақылауымен хирургиялық бөлімшесінде қалдырылды. Нәтижесінде жүгіртпе өздігінен нәжісімен шықты. Ал екінші ине шықпады»,- деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Мамандар, іш қуысының бақылау R-граммасында іштің жоғарғы жағында тағы 2 ине және жамбас проекциясында 1 ине тұрғанын байқаған.
«Қайтадан ЭФГДС жасалып, асқазаннан ине алынып тасталынды. Содан кейін колоноскопияның көмегімен сигма тәрізді ішекке қадалған ине алынып тасталады»,-деді жоғары санатты хирург-дәрігер Сейдахмет Байдуллаұлы.
Бала бақылауда болды. Іштің бақылау R–граммасында жамбас проекциясында төртінші ине табылған. Колоноскопия жасалып, ұшы ішектің шырышты қабығына қадалған сигма тәрізді ішектен соңғы ине алынып тасталды. Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық, ол үйге шығарылды.