Оралда кәсіпкерді айуандықпен өлтірген екеудің ісі сотқа жіберілді
Алдын ала тыңдау күні әлі белгіленген жоқ
Атышулы қылмыстық істі тергеу бес айға созылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Оралда кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің өлімі бойынша қылмыстық іс 30 желтоқсанда сотқа жіберілді.
Іс судья Шара Зайнуллинаның төрағалығымен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Алдын ала тыңдау күні әлі белгіленген жоқ.
Еске салсақ, Еркін Мұханғалиевті айуандықпен өлтіру оқиғасы 2022 жылдың 6 тамызында болған еді. Оның көптеген пышақ жарақаты бар денесі П.Атоян атындағы стадионның автотұрағынан табылды. Күдіктілер дереу анықталды. Бейнебақылау камераларына түсіп қалған жазбадан кәсіпкер мен тағы екі ер адамның кафе үстелінде отырғанын, артынша олардың арасында жанжал туындап, ерлердің бірі Еркін Мұханғалиевті пышақпен ұрғанын көруге болады. Кейін белгілі болғандай, кәсіпкер қылмыскерлерден қашпақ болғанымен, олар оны қуып жетіп, көшеде аяусыз пышақтап кеткен.
Кейін полицейлер екі күдіктіге – 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелдіге іздеу жариялады. Іздеу жұмысына әскерилер де тартылды. Оқиғаның алдын ала себебі кәсіпкердің жұмысшысының жалақысын уақытында бермеуі болуы мүмкін делінді.
8 тамызда таңертең күдіктілер «Көктем» бағбандық қоғамында ұсталды.
Тақырыпқа орай: «Екі әйелім бар»: Оралда кәсіпкерді өлтірді деп айыпталған күдікті соттан өзін босатуды сұрады
Қолға түскен екеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша айыпталып жатыр. Олар 20 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Іс Ішкі істер министрлігі басшысының бақылауына алынды.