«Себеп тауып беремін». Сақшы екі баласы науқас жүргізуші әйелді жөнсіз тоқтатқан
Шымкентте өзі және екі баласының ыстығы көтеріліп, ауырып келе жатқан көлік жүргізуші әйелді тоқтатқан полицей көптің ашуын тудырды. Бұл сәтті келіншек видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Экспресс К.
Бейнежазба патрульдік полицейдің қызметтік көлігінің ішінде түсірілген. Оны ТікТок қолданушысы жариялады. Автордың мәліметінше, оқиға 1 қаңтар күні болған. Ондағы диалогтан тәртіп сақшысының жүргізушіні ішімдік ішкен болуы мүмкін деген себеппен тоқтатқанын байқауға болады. Алайда келіншектің айтуынша, полицей оның спирттік ішімдік ішкен не ішпегенін қолмен тексермек болған көрінеді.
Қолмен тексере ме, не? Аппаратпен тексерсеңізші. Ішпеген болып шықсам, не істейсіз?
— дейді жүргізуші.
Екі баланың анасы тәртіп сақшысынан тоқтату себебін сұрағанда, полицей «Себеп көп, тауып беремін ғой мен сізге» деп балалары сырқаттанып отырған әйелді ашуға булықтырады.
Содан соң келіншек көлік ішінде екі баласы бар екенін, олардың дене қызуы көтеріліп, жылап отырғанын айтады. Алайда тәртіп сақшысы көліктен балаларды көрмедім деп ақталады.
Видеоны өшіре салыңыз… Қызыңыз бар екенін білмедім ғой. Ауруханадан ауырып келе жатырмын дегенді естідім,
— дейді тәртіп сақшысы.
Ал жүргізуші тоқтатқан кезде жағдайын түсіндіргенін алға тартады.
Өтірігіңізді соқпаңыз сіз. Машинаның ішінде айттым сізге. «Ішіп алғансың» дейсің. Кез келген жерге барайық, тексеріңіз… Қазір сіздің үстіңізден шағым жазамын,
— дейді әйел.
Видеоны көрген желі қолданушылары тәртіп сақшысының әрекетін бассыздыққа балап, тиісті жазасын алуын талап етті.
«Соттатып құрту керек», «Мынаны бірдеңе қылу керек. Себепті тауып беремін дей ме? Не деген адам?», «Осыларға заң жоқ па? Өздерін Құдай санап жүреді», «Жұмыстан босатылсын», «Оның тоқтатып, кемшілік іздеуіне болмайды. Прокуратураға барыңыз», «Тауып беремін ғой» дей ме? Сұмдық шығар мынау», «Оңбаған, адам емес. Алдымен себеп тап, сосын тоқтат», «Шенін асыра пайдалану деген осы» деп жазды желі қолданушылары.
Көп ұзамай Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің командирі Данияр Мейірхан көптің ашуын тудырған шулы видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды.
Қызметтік тексеру басталды. Бірақ қызметкер жұмыстан кету туралы арыз жазды. Мұндай тұлғаларға біздің қатарымызда орын жоқ. Полк қатарындағы тазарту жұмыстары жалғасатынын атап өткім келеді
— делінген жазбада.