Выбор редакцииКарагандинская область

Теміртауда сабақтан ерте қайтқысы келген оқушы мектепті «жарып жібермек» болды

Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы оқушы мектепті «жарып жібермек» болды. 12 жасар бала сабақтан үйіне ертерек қайтқысы келген екен, деп хабарлайды Экспресс К.

Оқиға бүгін, 14 желтоқсан күні күндізгі сағат 13.00 шамасында болған. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасына хабарласқан жасөспірім №20 мектепті жарып жіберетінін айтқан.

 

Polisia.kz жазуынша, білім ұясына саперлер мен полицейлер шұғыл жеткен. Мектептен 500-дей оқушы мен мұғалім эвакуацияланған. Білім ордасы қоршауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Алайда мектептен ешқандай жарылғыш зат табылмады.

 

Бұл хабарлама бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында күдікті ретінде сол мектепте оқитын 12 жастағы оқушы анықталған. Ол полицейлерге жауап беру кезінде үйіне ертерек қайтқысы келгендіктен жалған хабарлама бергенін айтқан.

Айта кетейік, терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат бергендерге 5000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн (14,5 миллион теңге) айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Сондай-ақ бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер мұндай әрекеттерді кәмелет жасына толмағандар жасаса, онда келтірілген зиянды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

 

Другие новости

Back to top button