«Біз террористпіз». Тұрғындарға шабуыл жасаған сарбаз туралы тың деректер шықты
Жамбыл облысының Құлан ауылында адамдарды соққыға жыққан сарбаздың кім екені белгілі болды. 22 жастағы Джохангир Мусаипов Луговойдағы әскери бөлімде қызмет етеді екен. Экспресс К үйіне баса-көктеп кіріп, әйелін соққыға жыққан сарбазды полицияға ұстап берген Азамат Тәжиевпен сұхбаттасты.
Экспресс К: Оқиға қалай болды? Үйіңізге баса-көктеп кірген бөтен адамды қалай тоқтаттыңыз?
Азамат Тәжиев: Кешкі сағат 19:00 шамасында асүйде тамақ ішіп отырғанбыз. Содан мен жатын бөлмеге барып жатқаным сол еді, қызымның жан дауысы шығып, мен жаққа қашып келді. Бөлмеден шыққаным сол еді, алдымнан әскери киім киген біреу көкірегімнен тепті. Содан мен оның аяғынан ұстап, екінші қолыммен ұрып құлаттым. Содан қылқындырып, қолын қайырып полиция келгенше ұстап отырдым. Сөйтсем, бұл үйге кірген кезде шәй ішіп отырған әйелімді бір ұрып құлатып, есінен тандырып тастапты. Тәртіп сақшылары 10 минутта келді.
Экспресс К: Бұл сонда сіздерге дейін тағы біреулерді соққыға жыққан ба?
Азамат Тәжиев: Біздің көшенің бойында «Бекжан» деген дүкен бар. Сөйтсек, бұл сондағы дүкенші әйелді ұрады, оның мүгедек қызына да қол жұмсаған. Кассада тұрған күйеуімен төбелесіпті. Содан ол біздің үйге қарай қашады. Біздің подъезге кіріп, бірінші қабатта тұратын әйелді теуіп құлатады. Әйел айғай шығарғаннан кейін ол екінші қабатқа қашып, біздің үйге кіреді. Барлығы санаулы секундта болды. Ішкен деп айтайын десең анау мас емес, синтетикалық есірткі қолданғаны білініп тұр. Өйткені мас адамның қанша дегенмен іс-әрекеті белгілі болады ғой.
Экспресс К: Аты-жөні кім? Ол расымен де әскери қызметкер ме?
Азамат Тәжиев: Иә, әскери қызметкер болып шықты. Бастықтары барлығы келіп, бізден кешірім сұрады. Айтуларынша, қазір бұл демалыста жүрген екен. Луговойдағы әскери бөлімде жұмыс істейді. Дене бітімі жағынан ана жігіт мықты екен. Менің бойым 1,83, ал оның бойы шамамен 1,95 болады. Әбден шыныққан жігіт екені көрініп тұр. Құдай сақтасын, аман қалғанымызға шүкір деп отырмыз. Өзімнің жасым 44-те, үш бала-шағам, немерем бар.
Экспресс К: Полицейлер келгенше тілдесе алдыңыз ба? Ол сізге не деді? Не үшін үйге кіргенін түсіндіріп бере алды ма?
Азамат Тәжиев: Үйде қылқындырып ұстап отырып, «сен кімсің, не істеп жүрсің?» десем, «біз террористпіз» дейді маған. «Бізді Қанат деген адам өлтіруге жіберді, маған сондай тапсырма берілген» дейді. Сондай әңгімелер айтты.