Президент ЖЭО апаттары жайында: Әкімдер мен министрлер тиісті қорытынды жасаған жоқ
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылу электр орталықтарында апаттың жиілеп кетуіне байланысты әкімдер мен министрлерді сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу қажет. Негізі, бұл – ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселе. Бірақ біз оны Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүрміз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Ал жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті», — деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
ҚР Президенті қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырғанын баса айтты.
«Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биыл елімізде аса маңызды өзгерістер болғанын еске салды.
«Ауқымды конституциялық реформа жүзеге асырылды. Президент сайлауы өтті. Елді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған бастамаларымызға Қазақстан халқы қолдау білдірді. Енді сайлау қарсаңында жария етілген стратегияны орындау үшін бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл – ең басты міндет.
Менің сайлау алдындағы бағдарламамда еліміздің жаңа бағдары айқындалды. Біз азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударатын боламыз. Мақсатымыз – айқын, міндеттер – белгілі. Енді білек сыбана жұмыс істеу керек. Осы орайда, мынадай бағыттарға ерекше мән беру қажет деп санаймын»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.