«Ұрады, ақша жинайды». Түркістандық полицейлер басшылықтың былығын жайып салды
Түркістан облысында екі ауданның полицейлері басшылықтан қысым көріп отырмыз дейді. Мәселен, Қазығұрт аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қатардағы қызметкерлерге күн көрсетпей, ұрып-соғады екен. Тіпті ақша да жинайтын көрінеді. Ал Шардара аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметкерлерінің қалтасын тексеріп, ар-намыстарына тиді деген ақпарат шықты, деп хабарлайды Экспресс К.
Қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әділдік іздеген полицейлердің жанайқайын Instagram-дағы парақшасында жазды. Ондағы мәліметке сүйенсек, «Киллер» деген лақап аты бар Қазығұрт аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қол астындағы қызметкерлерін кабинетіне кіргізіп алып, ұрып-соғатын көрінеді. Учаскелік полицейлерден қорқытып-үркітіп ақша жинайды екен.
Жәбір көрген тәртіп сақшылары «Киллер» бастығының бұл әрекетінен жоғары тұрған басшылық хабардар деп отыр. Бірақ шара қолданбай келеді. Онымен қоймай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары жұмыста шорти, майкамен жүреді екен.
Погондылар өздерінің жанайқайына дәлел ретінде полиция бөліміндегі бейнебақылау камерасының үзінді жазбасын да жолдаған. Онда аяғына жаздық сүйретпе, үстіне футболка мен шорти киген ер кісіні көруге болады. Оның жанында бірнеше полиция қызметкері жүреді. Олардың формасы жаздық емес, қазіргі ауа райына лайықталған.
Видео полиция ғимаратының дәлізінде түсірілген. Осы сәтте «Киллер» басшы делінген ер кісі шынтағымен өтіп бар жатқан тәртіп сақшысының бүйірінен, содан соң арқасынан ұрады.
Көптің жағасын ұстатқан видеоның мән-жайын анықтау үшін Түркістан облыстық Полиция департаментінде шұғыл комиссия құрылған. Арнайы комиссия аудандық полиция бөлімінде тиісті тексеру жұмыстарын бастап кетіпті.
Комиссия құрамында облыстық ПД бастығының орынбасары, өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы және тағы да басқа мамандар бар. Тиянақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, заңды шешім қабылданады. Бұл жайт департамент бастығының бақылауында,
Ал Шардара ауданындағы полиция бөлімі бастығының қызметкерлерінің қалтасын қарап, намысына тигені туралы @egov.press Telegram-каналы жазды. Онда жүктелген видео полиция ғимаратының мәжіліс залында түсірілген. Бейнежазбадан бірнеше қызметкердің басшылыққа наразылық білдіріп тұрғанын көруге болады.
Менің ар-намысыма тиіп тұрсыз бұл жерде. Қаншама халық көріп тұр. Қандай құқығыңыз бар қалтамызды тексеруге? Полковник мырза, мен бір сұрақ қояйыншы сізге. Сіздің мақсатыңыз не?
Менің мақсатымды тексере алмайсың сен. Бұны ақпараттық қауіпсіздік дейді…,
Полиция департаментіндегілер бұл видеоға қатысты да түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, оқиға 22 сәуір күні полиция ғимаратының мәжіліс залында болған. Бейнежазбадағы адам сол кездегі аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Жиналыс кезінде басшы мен қызметкер арасында дау туындаған. Аталған жайт бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, заңды шара қабылданған. Яғни 31 қазан күнгі бұйрықпен ауданның бас полицейі қызметінен шеттетілген.