Байзақтағы жарылыста із-түзсіз жоғалған сержанттың сүйегі табылды
Іздеу жұмыстары жарылыстан кейін 2021 жылдың 26 тамызынан бастап жүргізілді
Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен сержанттың денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысындағы №28349 әскери бөлімі өрт сөндіру қызметінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев сүйегінің қалдықтары табылды. Оны бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапқан. Молекулярлық-генетикалық сараптама қалдықтың Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті.
«Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты. Сонымен қатар, марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі», — деді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылғы 26 тамыздан бастап жүргізілді. Марқұмның денесіне тиесілі сүйек қалдықтарын жерлеу бүгін өтеді. Марқұмның артында кәмелеттік жасқа толмаған 5 баласы жетім, әйелі жесір қалды. Бауыржан Дәуітбаевтың кенжесі әкесі қайтыс болған соң дүниеге келді. Туыстары кенже ұлдың атын әкесі аман-есен табылсын деген ырыммен Амангелді деп қойған еді.