Көлікте бір жасар сәби болған: Қарағанды облысында мұз суға батып кеткен жолаушылар қалай құтқарылғаны белгілі болды
Жақында Қарағанды облысында көлік мұз қатқан Нұра өзенін кесіп өтпек болып, суға кеткен еді. Зардап шеккен адамның туысы оқиға қалай болғанын айтып берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” телеарнасының хабарына сүйеніп.
Мұз жарылып, суға кеткен көліктің ішінде жүргізушіні қосқанда алты адам отырған. Екеуі бала екен.
Жолаушылардың бірі Оразалы Асылханов өзгелерді су бетіне шығарған. Оның ағасы “бауырым болмаса, жағдай ушығар еді” дейді.
“Інім әрең дегенде қауіпсіздік белдігін шешіп, есікті ашып үлгерді. Кейін жолаушыларды шығара бастады. Әуелі жүкті әйелді шығарды. Кейін суға тағы сүңгіп, өзге әйелді құтқарды. Көлікке тағы бір кіргенде ішінде бір жасар баланы көріп қалып, оны да шығарды. Оразалы бес жасар баланы да құтқарды. Қыз бала есінен танып қалған”, – дейді Райымбек Мұхтар.
Екі бала да қазір сау, ауруханада жатыр. Онда Асылханов та емделіп жатыр. Дәрігерлер науқас пневмонияға шалдыққан болуы мүмкін дейді.
Төтенше жағдай министрлігі мұз қатқан судың үстімен жүремін дейтіндерге бірнеше кеңес берді.
«Мұздың үстімен жүрген аса қауіпті екенін әрқашан есте ұстаған жөн. Өйткені су ағындары мұзды шайып, ол мұздың белгілі бір жері жұқарады. Жақын жерде бөгет болса, су аққан жерде пайда болған мұз жұқара береді; балық аулау тесіктерінен де жарықтар пайда болуы мүмкін», – дейді.
Көлік айдаушылар жақын жерде жол болмаса, мұз басқан суды мына ережелерді сақтай отырып кесіп өтуі керек:
1) жағалауға барынша жақын жүріңіз;
2) алда басқа көліктің іздері болса, онда оның жанынан жүруге болады; оның ізімен жүруге болмайды, өйткені мұз екі көліктің өтуіне төтеп бере алмай, жарылуы мүмкін;
3) жүріп бара жатқанда көлігіңізді кілт бұрмаңыз;
4) жолға жалғыз шығуға болмайды.