«Секіріп кеткен»: Танымал блогердің өлімінің себебі аталды
Оралда ақтөбелік блогер Мұрат Бірмағамбетов жетінші қабаттан секіріп кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 27 қараша күні «Жеңіс» шағынауданында болды.
«Сағат 10.40-та 7-үйдің жанынан 1984 жылғы ер адамның мүрдесі табылды. Ол жетінші қабат балконынан секіріп, өзіне-өзі қол жұмсаған. Оқиға орнынан марқұмның өзі жазып кеткен жазба табылды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 105-бабына “өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу” сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады ведомстводан.
Санаулы сағат бұрын марқұмның жұбайына жазған жүрек тебірентерлік SMS-і желіде пайда болды.
Блогер Мұрат Бірмағамбетов өмірінің соңғы сәтінде келіншегіне өкінішке толы жазбасын жіберіпті. Ол құмар ойынның жетегінде жүріп, бүкіл ғұмырын қор қылғанын ашық айтқан.
Саған жақсы күйеу, қыздарыма жақсы әке бола алмағаным үшін кешірім сұраймын.Осыдан 25 жыл бұрын «құмар ойын» деген ауруға шалдықтым. Мен үшін бұл нағыз тозақ еді. Мен бұл әдетті тастауға талпынып көрдім, бірақ тастай алмадым. Кешіре алсаң, кешір,
Марқұм дәл осы хатының соңында қос қызы мен анасын жұбайына тапсырып, өмірімен қош айтысқаны байқалады.
Мен сенің бақытты болғаныңды қалаймын, сондықтан бұл өмірден кетуім керек. Біздің қыздарымызға қара. Мұны жазу қандай қиын. Менің махаббатымды оларға өзің арқылы берерсің. Өз анама қиындық көрсеттім. Анамның жанында болшы. Жаным менің, қош бол,
Әлеуметтік желіден мәлім болғанындай, блогер әрі вайнер, Ақтөбе КВН құрамасының бұрынғы капитаны болған Мұрат Бірмағамбетов 19 қараша күні жоғалып кеткен еді. Соған байланысты іздеу салынған болатын.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске салсақ, осыған дейін блогер әрі вайнер Мұрат Бірмағамбетов белгісіз жағдайда көз жұмды.