Павлодарская область

Екібастұздағы апат: Жылу құбырындағы судың атқылауын тоқтату бірнеше магистральда жалғасуда

 Екібастұздағы жылу желілеріндегі 15 ақау жойылды. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.

28 қараша күнгі сағат 19:00-дегі жағдай бойынша жылу құбырындағы судың атқылауын жою жұмыстары тағы екі магистральда жалғасуда деп хабарлады жедел штаб. Мамандар 17 көпқабатты үй мен 4 әлеуметтік нысанға жылу беруді қалпына келтіруде, бұл жұмыстарға 143 адам мен 30 техника жұмылдырылды.

Станциядағы температура 75°C-ге дейін көтерілді. «ОАЭК» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Оралдың ақпараты бойынша негізгі апаттық учаске анықталды.

«Апат №52 орталық жылу пунктінде орналасқан. Барлық күштер осында шоғырландық. Біз асфальт қабатын алып тастап, құбырдың өзіне жеттік. Құбырды ауыстырған соң жылу желісіне қосыла бастаймыз», — деп түсіндірді Бағдат Орал.

Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов апат бойынша тергеудің басталғанын мәлімдеді.

«Бүгін ЖЭО басшылығы ресми түрде хабардар етілді. Он жұмыс күні ішінде тергеуді аяқтап, қорытындыны хабарлаймыз. Кәсіпорындардың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастырдық. Желідегі жылудан ажыратулар сервистік компаниялармен бірлесіп пысықталды», — деді Есімханов.

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС құрылтайшысы Александр Клебанов компанияның ақауды жою үшін қажетті ресурстары бар екеніне сендірді. Сондай-ақ апаттың салдарын жоюға қаланың басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындарының күштері жұмылдырылды.

«Біз жеке компания ретінде орын алған жағдайға толық жауап береміз. Мұнда құқық қорғау органдары мен прокуратураның қатысуымен комиссия құрылатыны сөзсіз. Олар бәрін мұқият қарастырады. Бұған біз де мүдделіміз», — деді Александр Клебанов.

Павлодар облысы әкімінің м.а. Әбілқайыр Сқақовтың мәліметінше, қазіргі кездегі басты міндет – үйлерді жылумен жабдықтауды қалпына келтіру.

«Бәрі проблеманы толықтай түсініп отыр, нақты шешімдер қабылдау қажет. Біз осы мақсат үшін жиналдық. Негізгі міндет – тез арада жылумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру. Біз барлық күш пен ресурстарды қолданамыз. Сондықтан бәріміз қаладағы жылумен жабдықтау жүйесі штаттық режимде іске қосылмайынша, бұл жерден кетпейміз. Тұрғындар бізден тек осыны күтеді», — деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Еске салсақ бүгінгі сағат 15.30-дағы жағдай бойынша 18 көпқабатты тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілмей отырды.

27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Бүгін Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқитыны хабарланды. Қала әкімінің айтуынша, 3 шағынауданға әлі жылу берілген жоқ.

28 қараша таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Жалпы айта кетсек, Екібастұз қаласы бойынша жалпы 422,5 км жылу желілері бар. «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС балансында 342,3 км, олардың тозу деңгейі 91% құрайды.

Екібастұз ЖЭО–да 10 қазандық орналасқан, оның ішінде 5 энергетикалық, 5 су жылыту қазандығы. Екібастұз қаласында 689 көппәтерлі үй және орталық жылумен жабдықтауға қосылған 4 395 жеке үй бар.

 

Другие новости

Back to top button