Атыраудан кейін оралдықтар газ тапшылығын сезінуде
Оралда көлік жүргізушілері кейбір жанармай құю бекеттерінде газ тек талон арқылы берілетінін айтып, шағымдануда. Салдарынан жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде газ мүлде жоқ, ал кейбірінен сатып алу үшін жүргізушілер үлкен кезекке тұруға мәжбүр. Журналистер бұның себебін білу үшін БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жүгінгенімен, басқарма айдың басындағы деректер бойынша жауап берген.
«2 қарашадағы жағдай бойынша газ толтыратын бекеттердегі қалдық 180 тоннаны құрайды», – дейді басқарма басшысы Миржан Нұртазиев.
Сондай-ақ, ведомство бекітілген жоспар бойынша қараша айында БҚО-ға 3,4 мың тонна сұйытылған газ жеткізілуі тиіс болғанын атап өтті. Алайда қазан айының соңында Атырау мұнай өңдеу зауыты Энергетика министрлігіне газ өндіру көлемінің азайғаны туралы хабарлаған.
«Осыған байланысты түпкілікті сатып алушылар үшін (ГҚС, ЖҚС) жеткізу жоспары аясындағы көлем біркелкі 35 пайызға төмендейтін болады», – деп түсіндірді Нұртазиев.
Сәйкесінше, қараша айында Батыс Қазақстан облысына 2,2 мың тонна сұйытылған газ жеткізілуі тиіс.
«Сегізінші қарашада «AНПЗ» ЖШС-не 7-14 қараша аралығында технологиялық қондырғылардың ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетіні туралы хабарланды. «АНПЗ» ЖШС-нің толық қуатпен жұмыс істеуі және БҚО тұтынушылары үшін жөнелтілімдерді бастаудың алдын ала мерзімі 18 қараша», – деп қосты Нұртазиев.
Оның айтуынша, Энергетика министрлігі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан қосымша 504 тонна көлемінде қосымша көлем бөлді.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы автогаз тапшылығына тап болған еді. Өткен аптада атыраулық көлік жүргізушілері де жанармай құю бекеттерінде газ не мүлде жоқ, не тек талон арқылы берілетінін айтып шағымданған. Ол кезде тапшылық мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жұмыстармен байланысты екені хабарланды: мұнда өндірістің үштен бірінен астамы қысқарды. Мәселені Ақтөбе облысынан қосымша отын жеткізу арқылы шешу жоспарланған болатын.