Западно-Казахстанская область

БҚО-да жергілікті жол компаниялары жұмысын тоқтатуға мәжбүр

Биыл өңірдің жолдарын жөндеуге қазынадан 26 млрд теңге бөлінді

БҚО-да жергілікті жол компаниялары битум тапшылығынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр, деп хабарлайды A Алматы арнасын.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының айтуынша, құрылыс материалының жоқтығынан мердігерлер бастаған ісін аяқтай алмай отыр. Мәселен қыркүйек айында жолдарды жөндейтін компанияларға асфальттауды жалғастыру үшін 13,8 мың тонна битум қажет болса, шикізат шығаратын зауыт оларға қажетті құрылыс материалының тек 1,5 мың тоннасын тасымалдаған.

Биыл өңірдің жолдарын жөндеуге қазынадан 26 млрд теңге бөлінді. Облыстық жолға жауапты басқарма мамандарының айтуынша, жұмыс жоспарлы жүріп жатыр, тек жол құрылысымен айналысатын компаниялар битум жетіспеушілігінен шаруаны тоқтатуға мәжбүр. Қазан айындағы шикізатқа деген қажеттілік өтелмей қалған. Бұл аздай, дизель отынының тапшылығына байланысты облыстық қана емес, республикалық маңызға ие жолдардың да құрылысы тұралап қалған.

«Қыркүйек айында 12 мың тонна шамасында деп мәлімдеген едік, бізге 1300 тоннасы ғана берілді. Демек 11 мың тонна битум жетіспеді. Екі айда 23 мың тонна материал қажет болды. Сәйкесінше, жол құрылысы тоқтап қалды. Республиканың бірқатар аумағы да шикізатты Ақтаудан алатындықтан, баға айырмашылығы бар. Ақтау зауытында битумның тоннасы 104 мың теңге тұрады, Павлодар зауыты оны тоннасына 144 мың теңгеден сатады. Сондықтан еліміздің алыс өңірлері Ақтаудан битум сатып алуға тырысады», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев.

Оралға да битум Ақтаудағы зауыттан жеткізіледі. Ірі кәсіпорын өнімін Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Қостанай облысына да тасымалдайды. Бірақ биыл құрылыс қарқынының жоғары болуынан зауыт мердігерлердің қажеттілігін толықтай өтеуге қауқарсыз.

«Республика бойынша Ақтау, Павлодар және Шымкентте 3 битум зауыты жұмыс істейді. Ақтаудағы зауыттың қуаттылығы айына 70 мың тоннадан асады. Бірақ жол компанияларының шикізатқа деген қажеттілігі зауыт өндіргеннен әлдеқайда көп. Ал бізге жақыны тоннасына 180 мың теңгеге жеткізеді. Бұған дейін құрылыс материалдары делдалдар арқылы тасымалданып келсе, биыл зауыттың өзінен сатып алуға мүмкіндік туды. Алайда олар сұранысты толық өтей алмай отыр», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев.

Ал облыс орталығы Орал қаласында небәрі 20 шақырым жол жөнделген. Жауапты сала өкілі құрылысқа қажетті битум жетпей жатқанын жасырмады. Биыл қала көшелерін жөндеуге 316 млн теңгеден астам қаражат қаралыпты.

«Биыл 5 көшеде толықтай жөндеу жүргізіліп жатыр. Олар – Қажымұқан, Майлин, Мусин, Молдавская, Аралская және Деркөлдегі Литейная, Гаврилов көшелері. Бұл бойынша жұмыс жартылай бітіп тұр. Жауапты мердігер мекеме – «ДСК Приоритет» ЖШС. Одан бөлек Громов Полевая және Казталовская көшесіндегі жұмысты аяқтауға мердігерде қиыншылықтар болып жатыр. Өзіңіз білетіндей еліміз бойынша битум жоқ. Алайда мердігерге талап қойдық. Ауа райы бұзылғанша бәрін бітір деп. Бітірмесе жоба ауыспалы кезеңге өтеді», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев.

Жауаптылар мәселенің көп ұзамай шешілетініне сендірді. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. БҚО-дағы жол құрылысын тежейтін тағы бір мәселе Ақтөбе облысынан қиыршық тас жеткізетін вагондардың жетіспеушілігі. Мұндағы жол компанияларына айына 5 мың вагон қиыршық тас қажет болса, теміржол тасымалдаушылары 2500-3000 вагон ғана ұсына алады екен.

Другие новости

Back to top button