ШҚО-да КамАЗ жол апатына ұшырап, 25 тонна күкірт қышқылы далаға төгілді
Рахман қайнары тасжолының Катонқарағай ауданындағы учаскесінде КамАЗ аударылып, 25 тонна күкірт қышқылы төгілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқыс оқиға 5 қазанда Өскемен — Рахман қайнары тасжолының 227-шақырымында — Катонқарағай ауданы Ново-Хайрузовка ауылының маңында орын алды. КамАЗ маркалы автоцистерна аударылып, салдарынан 25 тонна күкірт қышқылы далаға төгілді. Ол 50 шаршы метр жерге жайылған.
Күкірт қышқылын залалсыздандыру және ластау көзін жою мақсатында аталған учаскеге 15 тонна әк төгілді. Енді департамент қызметкерлері жердің ластану деңгейін анықтау үшін оқиға орнына барып топырақ сынамасын алады. ҚР Экологиялық кодексінің 136-бабына сәйкес экологиялық залал келтірген адам немесе қызмет толық көлемде және өз есебінен экологиялық залал келтірілген табиғи ортаның компоненттерін жоюға міндетті. Сондықтан ластану салдарын жою бойынша міндеттер күкірт қышқылын тасымалдаған «АМ Logistic» ЖШС-ға жүктеледі.ШҚО бойынша Экология департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, аталған фактінің мән-жайын Катонқарағай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтап жатыр.