Костанайская область
Қостанай облысында жеңіл көлік жүк көлігіне соғылып, екі адам қаза тапты
Жеңіл көліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен
Қостанай облысында тасжолда жеңіл көлік пен жүк көлігінің бетпе-бет соқтығысуы салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, қайғылы оқиға 22 қыркүйекте республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург тасжолының 400-ші шақырымында болған.
«Сағат 15:00 шамасында Ford көлігінің 57 жастағы жүргізушісі жолдың қарсы бөлігіне шығып кетіп, 30 жастағы жүргізуші басқарған ауыр жүк көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», — делінген ПД хабарламасында.
Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.