Госорганы

«50 адамды азаптап, біреуін өлтірген»: Прокурор Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау ісі бойынша ҰҚК-нің 11 қызметкерін үш жылдан бес жылға дейін түрмеге жабуды сұрады

Алматының Түрксіб аудандық сотында ҰҚК қызметкерлеріне қатысты жабық сот отырысы өтіп жатыр. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде азаптаумен айналысты деп айыпталған. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпаратқа сүйенсек, он бір айыпталушының үшеуі уақытша қамауда, қалғандары ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Айыптаушы тарап оларды үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот жабық өтіп жатыр, оған 70 куәгер қатысты. Оқиғада 42 адам зардап шеккен.

Қантара кезінде ұсталғандардың бірі Ербол Өтепбаев 7 қаңтарда азаптау салдарынан қайтыс болды. Сол күні оның досы Асқар Смағұлов та азапталып, іс бойынша жәбірленуші болып танылған. Оның айтуынша, айыптау жағы тым жеңіл жаза сұрап отыр, сонымен қатар әскерилердің азаптауға қатысуына баса назар аудармаған.

“Сотқа әскерилерді де қатыстырмаған. Біз (соттан) әскери қызметкерлерді анықтай алмағандықтан, істі тоқтатты деген жауап алдық. Бірақ олардың барлық бет-жүзі белгілі”, – дейді Асқар Смағұлов.

Тағы бір жәбірленуші Бекболат Исабеков өзін қалай азаптағаны жайлы айтып берді.

“Олар бізге: “Сендер террориссіңдер, зорлық-зомбылық жасап, адамдарды өлтірдіңдер қазақстанның әскери қызметкерлеріне шабуыл жасап, ішкі істер органдарының ғимараттарына шабуыл жасадыңдар. Мына (қағазға – ред.) қол қойыңдар. Қол қоймайды екенсіңдер, сендерді өлтіреміз”, – деді. Бізді төрт-бес сағат ұстап, азаптап, қол-аяғымызды сындырды. Ол кезде менің төрт қабырғам сынған болатын. Қылмыстың ашылғанына өзім де таң қалдым. Егер қылмыс ашылмағанда, мен әлі темір тордың ар жағында отырар едім, сол жақта отырып өліп кетер ме едім”, – дейді ол.

Еске салайық, Алматы әуежайындағы азаптау ісі бойынша сот 2023 жылдың 15 ақпанында басталды. Айыпталушылар соңғы мәлімдемесін 17 қарашада айтуы керек еді.

Другие новости

Back to top button